Астанада ауқымды отбасылық Otbasy Fest фестивалі өтті

1100
Фотосурет: Gov

Елордада Отбасы күні аясында Otbasy Fest атты кең ауқымды фестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара «Жетісу» саябағында өтіп, оған қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фестивальдің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және жақындармен бірге уақыт өткізудің игі дәстүрін қалыптастыру.

Мереке концерттік бағдарлама арқылы ашылды.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар отбасылық денсаулық пен тәрбиеге арналған сарапшылардың дәрістерін, ұлттық билер мен домбыра ойыны бойынша, йога және сурет салу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Ерекше қызығушылық тудырғандар арасында «Супер әкелер іс үстінде» байқауы, отбасылық брейн-ринг пен «Кішкентай ғажайыптар шеруі» атты арбалар парады болды.

«Бұл мереке туралы бізге мектепте айтылды, қызым 4-сыныпта оқиды. Біз бірге қатысуды ұйғардық, қызым өте риза болды. Ал мен үшін ең бастысы – баланың қуанышы. Өйткені отбасы – біздің барымыз», – дейді қала тұрғыны Гауһар.

Балаларға аквагрим жасалып, ойын алаңдары ұйымдастырылды. Отбасылық мереке жүректер бейнелеген арт-перформанспен аяқталды. Бұл көрініс махаббат пен отбасы бірлігін білдіреді.

«Демалыс күнгі мереке керемет өтті. Барлық отбасы мүшелері бірге жиналып, уақытты көңілді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік бар. Балалар риза, ал балалар риза болса – ата-ана да бақытты», – дейді Айнұр есімді Астана тұрғыны.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Otbasy Fest елордалықтар арасында жаңа дәстүр қалыптастыруы тиіс.

«Біз ең алдымен Отбасы күнін қуанышты күйде өткізуге болатынын көрсеткіміз келеді. Басты мақсатымыз – елордалық отбасылардың басын қосу дәстүрін қалыптастыру. Бұл үшін барлық жағдай жасалды. Бүгінгі күні бүкіл әулетімен – ата-әжелері, ата-аналары, балалары бірге келгендерді көріп отырмыз. Бұл бірліктің, жылылықтың ерекше атмосферасын тудырады, – деді «Senim Qogamy» ҚҚ директоры Юлия Смышляева.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -