Қазақстан жаңа инвестициялық жобалар арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда

1243
Фотосурет: primeminister.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиын барысында агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және азық-түлік өнеркәсібі сияқты бірқатар басым саладағы инвестициялық бастамаларды жүзеге асырудың негізгі мәселелері қаралды. Отырысқа қатысушылар Инвестициялар туралы келісімдердің негізгі шарттарын бекітті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Олардың қатарында Khan Tengri BioPharma, Asyl Sugar, Carlsberg Central Asia, Fabe-Agro компанияларының, сондай-ақ Түркістандағы мақта өсіру агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық бастамалары бар.

Фармацевтика

Khan Tengri BioPharma компаниясы биофармацевтикалық препараттар өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асырады. Инвестиция көлемі 103 млрд теңгеден асатын бұл жоба өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды өндіру бойынша ұлттық қуаттарды нығайтуға және 180-нен астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіп кешені

Агроөнеркәсіп саласында келесідей жобалар мақұлданды: 

Asyl Sugar компаниясы жылына 200 мың тоннаға дейін қант өндіру қуаты бар заманауи қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба қант қызылшасын терең өңдеуге, импортты алмастыруға және еліміздің стратегиялық азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі – 72 млрд теңге.

Carlsberg Central Asia өндірістік қуатын жылына 340 млн литрге дейін ұлғайта отырып, сусындар өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асырады. Жоба аясында энергия үнемдейтін технологиялар мен жаңа өндірістік желілер енгізіледі, бұл бәсекеге қабілетті өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі – 216 млрд теңге.

Fabe-Agro компаниясы жылына 38 мың тонна көкөніс өңдеу қуаты бар агроөнеркәсіп кешенін құрады. Кешеннің құрамына жем-шөп, өсімдік майлары және басқа да өнімдер өндірісі кіреді. Бұл шикізатты жергілікті жерде өңдеуді дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Инвестиция көлемі – 68 млрд теңге.

Түркістандағы мақта өсіру агроөнеркәсіп кешені жылына 121 мың тонна өндірістік қуаты бар мақтаны терең өңдеу жобасын жүзеге асырады. Бұл тоқыма өнімдеріне дейінгі толық циклді жолға қоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жеңіл өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі – 58 млрд теңге.

Аталған жобалардың барлығы азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған.

Тамақ өнеркәсібі 

Отырыста осыларға қосымша PepsiCo компаниясының тұзды жеңіл тағамдар өндіру жобасын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Мұндағы жоспарланған өндірістік қуат жылына 70 мың тонна дайын өнімді, ал инвестиция көлемі шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Жоба азық-түлік өнімдерінің экспорттық әлеуеті мен өндірісін едәуір кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің азық-түлік өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -