Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мамандарды даярлауды жеделдетеді және болашақ АЭС құрылысына отандық бизнесті тартады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін агенттік төрағасының орынбасары Василий Лавреновтың төрағалығымен өндірісті локализациялау және кадрлар даярлау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, «ҚАЭС» ЖШС-нің, «Атамекен» ҰКП-ның, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар АЭС жобаларына отандық кәсіпорындарды тарту, ұлттық үлесті арттыруға кедергілер, сондай-ақ локализацияның халықаралық тәжірибесі мен оны қазақстандық жағдайға бейімдеу мәселелерін қарастырды.
Жеке бөлім кадрлар даярлауға арналды: жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейту және болашақ атом жобалары үшін кадрлық резерв құру.
Кездесу қорытындысында жұмыс бағыттарының басымдықтары айқындалып, жол картасын әзірлеу келісілді. Осыған сәйкес, келесі отырыс қазан айына жоспарланған.