Астана тұрғындары үшін қалада тағы бір қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сарайшық ауданының Р.Қошқарбаев – Тəуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі аралығындағы аумақта астаналықтар енді жаңартылған жолмен серуендеп, жаңадан салынған велосипед жолымен қатынай алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жалпы биыл Астанада абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде, Сарайшық ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар аула мен қоғамдық кеңістік жаңартылды.
«Ауданымызда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 ауланы абаттандырумен қатар, жаңадан 3 кеңістік пайдалануға беріліп жатыр. Оның бірі кеше ғана Жүргенов көшесінің бойындағы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған аллея болса, енді міне, Р.Қошқарбаев – Тəуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі үшбұрышындағы кеңістікті жаңа кейіпке енді. Тағы екеуінде жұмыс жүріп жатыр. Бір жағынан, тамаша ауа-райын пайдаланып, тұрғындарға, балаларға көңілді сәт сыйлағымыз келді», – дейді Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген.
Сонымен бірге, төртінші қоғамдық кеңістік – «Bravo Family» тұрғын үй кешені мен №93 мектеп-лицей жанында абаттандыру жұмыстары басталып кеткен.
Әсіресе Р. Қошқарбаев – Тәуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі аралығындағы орын ерекше құлпырып шыға келді. Оның үстіне, тұрғындардың қолайлылығы үшін 3 мың шаршы метр автотұрақ жасақталып, орындықтар қойылды.
Көгалдандыру жұмысы аясында 140 түп ағаш отырғызылып, тағы 90 ағаштың орны дайындалды. Бұл аумақ гүлмен де көмкеріле түскен. Мәселен, 3500 сәндік гүлді бұта егілген.
Балалар мен жасөспірімдер үшін шағын сәулет нысандары қойылып, бұл кеңістік нағыз демалыс орнына айналды.
Жалпы алғанда, «Сарайшық» ауданында экологиялық айлық шеңберінде 4 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл соңына дейін аудан аумағында 10 мыңнан астам ағаш пен 20 мың бұта егілмек. Осылайша, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен жасыл желек тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ал қаланың көркін айшықтай түсуге ықпал етпек.
Айта кетейік, биыл елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістіктерді – саябақтар, гүлзарлар мен желекжолдарды абаттандыру көзделген. Жұмыс барлық ауданды, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Сонымен қатар, Астанада көгалдандыру белсенді жүргізіліп жатыр: 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.