Ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнының жүзден аса түлегі офицерлік атақ алды

1177
Фотосурет: Gov

Ақтөбе қаласында Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектеріне арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара "Қазақ халқына мың алғыс" стеласы орналасқан алаңда ұйымдастырылды.

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген әскери институт жарты ғасырдан астам уақытта мыңдаған кәсіби мамандарды даярлап, нағыз патриот, әскери антқа адал офицерлердің ұстаханасына айналды.

Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, құрметті қонақтар мен түлектердің жақындары қатысты.

Бүгінгі күн – тек түлектер үшін ғана емес, Қарулы күштер үшін де үлкен мереке. Институт қабырғасында сіздер шыңдалып, білім алып, тәртіпке үйрендіңіздер. Енді Отан игілігі үшін қызмет етесіздер. Әскери қызмет – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Сіздер – батылдық пен ерліктің символысыздар, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов.

Рәсім барысында ең әсерлі сәт – дәстүрлі офицерлік вальс болды. Биылғы түлек Даниэль Дәулет өзінің сүйіктісі, медициналық ротаның 3-курс курсанты Айару есімді арумен вальс биледі.

Айарумен 2024 жылдың 21 маусымында, мен тәжірибеден оралған күні таныстым. Сол күннен бастап араласа бастадық. Бүгін мен оны ата-анама таныстырдым. Алда бізді уақытша екі жаққа кетеміз – мені Тараз қаласына қызметке жіберді. Бірақ бірге болуды, мықты әрі бақытты отбасы құруды армандаймыз, – деді Дәулет.

Жас лейтенанттар үшін бұл күн тек курсанттық өмірмен қоштасу ғана емес, сонымен қатар қызметтік мансаптың бастамасы болды. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын тәмамдаған түлектер еліміздің әскери бөлімдеріне жіберіліп, Қазақстанның әуе шебін және бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзететін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -