Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етпек

1056
Фотосурет: primeminister.kz

Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, оның қарқыны былтырғы көрсеткіштерден жоғары, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бүгінгі таңда 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Министрдің сөзінше қазір уақытта республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүргізілуде, ал оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын.          

«Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландырудың қажетті жағдайлары жасалып, қолайлы ауа райының нәтижесінде вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды. Жалпы, астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, астықты теңіз порттарына экспорттау кезіндегі шығындарды өтеуге субсидиялау мерзімін ұзарту – астықты жаңа нарықтарға шығаруға ықпал етеді», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. 

Сонымен қатар министр қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналғанын, биыл майлы дақыл тұқымынан шамамен 4 млн тонна өнім күтіліп отырғанын, бұл рекордтық көлем болатынын тілге тиек етті. Және 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналған.

Шаруалардың үздіксіз жұмысын 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, сондай-ақ 130 мыңнан астам басқа да техника қамтамасыз етуде. Оның ішінде 4 мыңнан астам жоғары технологиялы Джон Дир және КЛААС комбайндары бар.

Негізгі агротехникалық шаралардың бірі – бұл жер жырту және тыңайтқыш көлемін енгізу аса маңызды. Биыл жоспар бойынша 1,9 млн тонна тыңайтқыш болса, бүгінде соның 1,8 млн тоннасы енгізілді.

«Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыруға келетін болсақ, бөлінген 700 млрд теңгенің көктемгі егіс жұмыстарына 502 млрд теңгесі игеріліп, 9 млн гектар егіс алқабы қамтылды. Егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру алдымыздағы қараша айында іске қосылатын болады. Жеңілдетілген лизингке бөлінген 250 млрд теңгенің бүгінгі күні 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 253 млрд теңгеге өтінім берілді. “Даму” қорының желісі бойынша кепіл базасы жеткіліксіз шаруалар үшін қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Жаңа егін астығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктермен бірлесіп элеваторлық қуаттарды босату жұмыстары жүргізілуде», — деді министр. 

Ведомство басшысының сөзінше республика бойынша астық сақтау көлемі – 30,7 млн тоннаны құрайды. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіс астығынан 3,1 млн тонна астық келіп түсті, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 есе артық. 

Сақтауға түскен жұмсақ бидай көлемінің 60%-ы жоғарғы сыныпқа, 28%-ы төртінші сыныпқа, 12%-ы бесінші сыныпқа және сыныпсыз бидайға жатқызылды. Форвардтық сатып алу бағдарламасы өз тиімділігін көрсетуде, ол келер егіннің кепілді өткізілуін қамтамасыз етеді. Әкімдіктерге қазір егін жинауды уақытында аяқтап,  әрбір қолайлы күнді барынша тиімді пайдалану маңызды. Сонымен қатар жаңа егін астығын элеваторларда үздіксіз қабылдап, тиісті сақтау жағдайларын қамтамасыз ету қажет.

2026 жылғы егінге тұқымды толтыруға ерекше назар аудару керек. Егін жинау жұмыстары тұрақты бақылауда. Барлық мәселелер Жедел штаб отырыстарында қаралып, шешілуде. Министрдің сөзінше ішкі нарықты молықтыру бойынша, біз өзімізді негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтып отырмыз.

Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай өнімі былтырғы деңгейде күтілуде. Күріштің де жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан асады деп күтілуде, бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді. Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды, бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі. 

Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдерімен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді. Сондай-ақ майлы дақылдардың, оның ішінде күнбағыстың (шамамен 2 млн тонна) жоғары өнімі күтілуде, бұл нарықты май-тоңмай өнімдерімен толық қамтиды.

«Картопқа келетін болсақ, 2,7 млн тонна көлемінде жинау болжануда, оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Шаруаларда құны киллограммына 90-120 теңгені құрайды. Сондай-ақ 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, киллограммына 50-60 теңгеден сатылады. Шаруаларда 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір киллограмы  85-95 теңгеден болатын, шамамен 100 мың тонна сәбіз бар. Біз мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті көлемін өндірудеміз. Сонымен, ет өнімдері (сиыр еті, қой еті, жылқы еті) және жұмыртқа ішкі сұранысты толығымен жабады. Құс еті бойынша оң динамика байқалуда, егер өткен жылы қамту деңгейі 79% болса, биыл 82%-ға жетті. Сүт өнімдері бойынша да қамтамасыз етілу 100%  жеткізілді. Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті», — деді ауыл шаруашылығы министрі. 

Дәл осы кезеңде әкімдіктер қажетті көлемді тек тұрақтандыру қорлары арқылы ғана емес, сонымен қатар сауда үйлері арқылы да келісімшартқа отырғызып, өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Оның айтуынша бұл мақсатқа өңірлерде «айналым схемасы» бойынша 100 млрд теңгеден астам қаражаттары бар. Осы бөлінген қаражатты тиімді пайдалану арқылы ішкі нарықты қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтауға қол жеткізуіміз қажет.

Келесі мәселе – агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру.

Бүгінгі таңда аграрлық секторды цифрландыруды үш ақпараттық жүйе қамтиды:

  • Біріншісі — ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (ЕГИСС), саланы субсидиялаудың барлық бағыттарын қамтиды.
  • Екіншісі — басқарудың ақпараттық жүйесі — ЕАСУ: ол ветеринариялық және фитосанитариялық құжаттарды беру үшін арналған. Жыл сайын осы жүйе арқылы 2 млн-нан астам рұқсат құжаты беріледі.
  • Үшіншісі — ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (ИСЖ), оның негізінде мал шаруашылығында қадағалану қалыптастырылады: пилоттық режимде зертханалық зерттеулерді цифрландыру, қауіпті ауру ошақтарын тіркеу сияқты ішкі жүйелері жұмыс істеуде. 

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, деректер базаларына жүгіну негізінде, ветеринар дәрігердің қатысуынсыз, малды өткізуге арналған анықтамаларды беру. Бұл мемлекеттік қызметті алу уақытын және заң бұзушылықтар санын едәуір қысқартады.

Өсімдік шаруашылығында да қадағалану жүйесі құрылып жатыр, ол өнімділік және егіс құрылымы жөніндегі деректерді нақты жер учаскелерімен байланыстырады. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында өсімдік шаруашылығындағы қадағаланудың негізіне жер ресурстарының цифрлық карталары кіретін болады.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық картасы әзірленіп жатыр. Оған жер кадастрының деректері, геоботаникалық және агрохимиялық зерттеулердің нәтижелері және өзге де қабаттар енгізілуі қажет. 

Нәтижесінде барлық жер ресурстары жөніндегі мәліметтерді қамтитын бірыңғай карта қалыптасады. Осы деректер негізінде жасанды интеллектті пайдалану арқылы басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыру мүмкін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -