Таразда ҰҰА операторлары арасында әсерлі армия сайыстары өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құрлық әскерлерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ерекше сайыс ұйымдастырды. Онда ұшқышсыз авиациялық жүйелердің әскери операторлары FPV-дрондарды басқару шеберлігін көрсетті.
Бұл қолбасшылықта ҰҰА қызметі бір жыл бұрын ғана құрылса да, бүгінде жауынгерлік дайындыққа жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан жетекші рөл атқаруда. Қызмет басшысы подполковник Роман Қожахметовтың айтуынша, қазіргі уақытта дрондарды байланысшылар, мотоатқыштар, инженер-саперлер мен механикаландырылған бөлімшелер белсенді түрде пайдаланып келеді. Олардың көмегімен барлау жүргізіліп, артиллериялық атысты түзету, шұғыл жүктерді жеткізу сияқты тапсырмалар орындалады.
"Біз дрондардың қолдану аясын кеңейтуге басымдық бердік және операторлардың дайындық деңгейін барынша шынайы жағдайға жақын ортада тексеру үшін осындай жарыстарды өткізу туралы шешім қабылдадық»" Подполковник Роман Қожахметов
Сайыс әсерлі экшн-шоуға ұқсады. Оның ішінде ұшқыштар жоғары жылдамдықпен дрондарды жерге жақын ұшырып, тар өткелдер арқылы өткізді. Сонымен бірге күрделі маневрлер жасап, бір мезетте командалық пунктерге жоғары сапалы бейнетаспа жеткізе алды. Жаттығудың шарықтау шегі дронмен 10 метрден аса биіктіктен бронетехниканың қақпағы көлеміндегі нысанаға оқу гранаталарын дәл тигізу болды.
Ефрейтор Ұлан Суйдуов (12740 әскери бөлімі, Сарыозек гарнизоны), ефрейтор Шыңғысхан Сейдахметов (66567 әскери бөлімі, Қызылорда гарнизоны) және сержант Мұхамеджан Қырғызали (Тараз қаласындағы 5-ші механизацияланған бригада) ең жақсы нәтижелерді көрсетті. Командалық есепте бірінші орынды және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының көшпелі кубогын Жаркент гарнизонының командасы жеңіп алды (74261 әскери бөлімі).
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Құрлық әскерлерінде мұндай сайыстарды алғаш рет ұйымдастырушы болып отыр. «Дрондар шайқасы» форматы әскери күштер деңгейінде дәстүрге айналуы мүмкін.