Астанада Қазақстан-Германия Энергетикалық диалогы аясында сутек, энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және Қазақстан мен Германияның сарапшылық қауымдастығының өкілдері қатысты. Жұмыс тобының тең төрағалары – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, сондай-ақ Германияның Экономика және энергетика федералдық министрлігінің өкілдері қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.
Отырыс барысында тараптар 2024-2025 жылдардағы ынтымақтастық нәтижелерін және өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады. Сондай-ақ ғимараттардағы энергия тиімділігі мәселесіне арналған бөлімде Қазақстан тарапынан ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің тұрғын үй қоры дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова сөз сөйлеп, еліміздің тұрғын үй қорында заманауи стандарттар мен тәжірибелерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық және неміс сарапшылары осы салалардағы практикалық бастамалар мен жобаларды таныстырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлескен жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.
Отырыс тараптардың одан арғы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасумен аяқталды.