2025 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы агломерациясындағы жаңа қалаға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алатау қаласының арнайы мәртебесі
Жарлыққа сәйкес, Алатау жедел дамитын қала мәртебесіне ие болды.
Бұл мәртебенің негізгі бағыттары:
- әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету үшін ерекше институционалдық орта қалыптастыру;
- жеке инвестицияларды тарту мен қорғауға жаңа жағдайлар жасау;
- арнайы экономикалық аймақ аясында қала басқаруында халықаралық тәжірибелерді енгізу;
- инновациялық салаларды және жаңа технологияларды дамыту.
Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес
Бұл үдерісті басқару үшін Алатау қаласын дамыту жөніндегі Кеңес құрылады. Оның өкілеттіктері мыналарды қамтиды:
- инвестициялар мен инновациялар бойынша құжаттарды келісу және бекіту;
- қаланы дамытуға қатысты мемлекеттік органдар үшін міндетті шешімдер қабылдау;
- арнайы мәртебе аясындағы барлық жобалардың орындалуын бақылау.
Жаңа қор – Alatau City Authority
2025 жылғы 1 қарашаға дейін Alatau City Authority (ACA) атты мемлекеттік қор түріндегі заңды тұлға құрылуы тиіс. Оның міндеттері:
- қаланың арнайы мәртебе аясында жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- басқарудың үздік халықаралық тәжірибелерін енгізу;
- инвестиция тарту үшін қаланы ілгерілету;
- Кеңес пен мемлекеттік органдардың жобаларын үйлестіру.
Заңнамалық және институционалдық өзгерістер
2025 жылдың соңына дейін Үкімет Парламентке Алатаудың арнайы мәртебесінің құқықтық негіздерін айқындайтын конституциялық заң жобасын енгізеді. Құжат мына бағыттарды реттейді:
- Smart City технологиялары мен климаттық бейтараптық негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару;
- құрылысқа, білім беруге, денсаулық сақтауға, биотехнология мен робототехникаға инвестиция тарту;
- қалалық әуе мобильдігін (UAM) және төмен биіктіктегі экономиканы (LAE) дамыту;
- жасанды интеллект, Web3, DeFi, цифрлық активтер мен стейблкоиндерді енгізу;
- халықаралық құрылыс нормалары мен стандарттарын қолдану;
- ерекше салықтық режим, инвестициялар мен капитал қозғалысы ережелері.
Алдағы қадамдар
2026 жылғы қыркүйекке дейін Үкімет Ұлттық банкпен, Бас прокуратурамен және Кеңеспен бірлесіп, Алатау қаласының арнайы құқықтық режимінің тұжырымдамасын ұсынуы тиіс. Сондай-ақ жоспарлануда:
- қалаға АХҚО-ның үздік тәжірибелерін енгізу;
- халықаралық инвестицияларды, оның ішінде егеменді қорлар арқылы тарту;
- 2025–2026 жылдарға арналған басым инфрақұрылымдық нысандарды әзірлеу.
Бақылау және қадағалау
Жарлықтың орындалуын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бақылайды. Мемлекеттік органдардың заңдылығын Бас прокуратура қадағалайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» Жарлығының толық мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.