Қазақстанның атом саласы тұрақты дамудың драйверіне айналуда

1166
Фотосурет: Gov

Бүгін Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде атом саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мерекелік шараға саланың ардагерлері мен жас мамандары, ғылыми мекемелердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Құттықтау сөзін Агенттік төрағасы Алмасадам Сатқалиев сөйлеп, атом саласының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөліне тоқталды:

«Атом саласы қазірдің өзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие. Бізде атом өнеркәсібінің берік іргетасы қаланды, әлемдік деңгейдегі ғылыми әлеует бар. Ал ядролық энергетика енді ғана қалыптасып жатыр, дәл осы қадам еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, орнықты дамудың ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті өз сөзінде.

Сонымен бірге Қазақстанның тарихи кезеңде тұрғанына айрықша мән берілді – алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталды, ұлттық ядролық кластерді қалыптастыру ісі қолға алынды. Сонымен қатар атом саласын дамытудың Стратегиясы әзірленіп жатыр. Ол уран өнеркәсібін дамыту, ядролық-отын циклі, ядролық технологияларды медицинада қолдану және кадрлар даярлау сияқты басым бағыттарды қамтитын болады.

Агенттік басшысы сондай-ақ саланы дамытуға үлес қосып келе жатқан жетекші ұйымдарға – Ядролық физика институтына, Ұлттық ядролық орталыққа, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ына, сондай-ақ ондаған жылдар бойы ғылыми және өндірістік базаны қалыптастырған барлық қызметкерлерге алғыс білдірді.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – атом саласының үздік қызметкерлерін марапаттау болды. Атом энергетикасын дамытуға қосқан зор үлесі және ғылыми жетістіктері үшін ведомстволық наградалар табыс етілді. Марапатталғандардың қатарында ғылыми қауым өкілдері, инженерлер, өндіріс мамандары және кәсібилігімен ерекшеленген жас мамандар бар.

Өз сөзін қорытындылай келе, Агенттік төрағасы атом саласының барлық қызметкерлеріне адалдығы мен жоғары кәсібилігі үшін шынайы алғыс білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -