Еңбек күні қарсаңында және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы Индустриялық парк №1 аумағында орналасқан «DAT KZ» ЖШС-нің газоблок кірпіш шығаратын UNITON зауытына барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара барысында кәсіпорынның үздік қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға Сенат пен елорда мәслихатының депутаттары, әкімдік өкілдері, ҚХА мүшелері және кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар зауыттың өндірістік процесімен және жетістіктерімен танысты, ҚХА-ның 30 жылдығына орай кәсіпорын базасында Еңбек ассамблеясының өкілдігін ашу мәселесін талқылады. Сондай-ақ мерекеге орай үздік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс хаттар табыс етті.
Сенат депутаты Әсем Рахметова өзінің құттықтау сөзінде жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын атап өтіп, ұжымға адалдығы үшін алғыс айтты.
«Мен тағы да көз жеткіздім: адамның рөлі, еңбектің рөлі әрқашан өзгермейтін, міндетті және алмастырылмайтын құндылық болып қала береді.
Біз жұмысшы мамандықтарының маңызын көрсетуіміз керек. Елімізде қандай заманауи зауыттар салынып жатқанын көрсетуіміз қажет. Бұрын жастар мұнда жұмыс істегісі келмейтін, мұндай кәсіпорындарда адамдар қолмен кірпіш, құм, цемент тасиды деп ойлайтын.
Бүгін біз 85% автоматтандырылған кәсіпорынды көріп отырмыз.
Сондықтан зауыт басшылығына жұмысты осылай ұйымдастырғаны үшін, өз ісіне деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін сіздерге рақмет айтқым келеді.
Сіздер бүгін тек үйлердің ғана емес, мемлекетіміздің іргетасын қалдап отырсыздар деп ойлаймын. Сіздердің еңбектеріңізбен бой көтерген үйлер жылырақ әрі сенімді болады», – деді депутат.
Өз кезегінде Астана қалалық мәслихатының депутаты Асқар Смағұлов Жұмысшы мамандықтары жылы аясында елордада кәсіпорындар мен колледждерді қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қалада Жұмысшы мамандықтары жылы аясында түрлі іс-шаралар өтуде. Біз, мәслихат депутаттары да қалыс қалмадық. Биыл индустриялық аймақ №1-де орналасқан барлық ірі кәсіпорынды араладық. Осы кәсіпорындарға маман даярлайтын көптеген колледжге бардық. Олардың проблемаларын зерттеп, бюджетке түзетулер енгізіп, белгілі бір қаражатты осы колледждерді жабдықтау мен жөндеуге бөлдік.
Еңбек күні қарсаңында ұжымдарыңызға жақсы көрсеткіш, денсаулық, береке-бірлік, лайықты табыс тілеймін!» – деді депутат.
Іс-шара соңында «DAT KZ» ЖШС-нің бас директоры Берік Құсанов қатысушылар мен қонақтарға келгендері үшін алғыс білдіріп, кәсіпорын ұжымының ел өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Айта кетейік, Еңбек күнін атап өту дәстүрі – әлемдік тренд. Бұл мерекені 100-ден астам елде атап өтеді. Кейбір елдерде ол мемлекеттік мереке мәртебесіне ие.
Еске салсақ, Қазақстанда Еңбек күні 2013 жылғы қарашада бекітілді. Оның мақсаты – жұмысшы мамандықтарына құрмет дәстүрін жаңғырту, еңбектің маңыздылығын түсіну.
Сонымен бірге, мерекенің міндеттері – өнімді еңбекті ынталандыру, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі мен беделін арттыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, отбасылардағы еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін жаңғырту және еңбек ұжымдарының бірлігін нығайту.