Алматы мен Ұлыбритания жаңа әріптестік форматтарын ілгерілетуге келісті

1199
Фотосурет: Gov

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Джейн Аксуорсимен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, білім беру, туристік және гуманитарлық салалардағы әріптестікті кеңейту жайын талқылады.

Дархан Сатыбалды биыл Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толғанын атап өтті.

«Осы жылдар ішінде біздің мемлекеттеріміз кең ауқымды бағыттар бойынша берік достық және әріптестік байланыстар орнатты. Алматы еліміздің ірі іскерлік және мәдени орталығы ретінде өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі», - деп атап өтті қала әкімі.

Биыл қаңтар–шілде айларында Алматы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 125,5 млн АҚШ долларына жетті. Алматыға келген туристер саны 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 1,1 млн адам болды, бұл былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 6,5% - ға өскен.

Гуманитарлық өзара іс-қимыл туралы айта келе, Дархан Сатыбалды білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Ұлыбритания білім беру саласындағы маңызды серіктес болып қала береді. Бүгінде 300-ге жуық қазақстандық студент британ университеттерінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда, Алматыда British Council кеңсесі табысты жұмыс істеуде. 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан-Британ техникалық университеті жұмыс істеп келеді, ал 2021 жылы de Montfort бірінші толық Британдық университеті ашылды», - деп атап өтті әкім.

Кездесу соңында тараптар экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту, сондай-ақ Алматы мен Біріккен Корольдік арасындағы серіктестіктің жаңа форматтарын ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -