Астанада LRT жүйесінің жүргізушісіз сынақтық пайдалануы басталды

1056
Фотосурет: Gov

29 қыркүйектен бастап Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесінің сынақтық пайдалануы басталды. Бұл – инфрақұрылымның техникалық дайындығын, қозғалыс қауіпсіздігін және жолаушылар үшін қолайлылығын тексеруге мүмкіндік беретін маңызды кезең, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елордадағы LRT жүргізушісіз қозғалады. Сынақ барысында мамандар рельстерді, станцияларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік пен қозғалысты басқару жүйелерін тексереді. Ерекше назар қызметкерлерді дайындауға, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға және LRT басқа көлік түрлерімен интеграциялауға аударылады.

LRT құрамдары GoA4 аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған – бұл толық автоматтандырылған басқару жүйесі: қозғалыс, арақашықтықты сақтау, тоқтау, есіктерді ашу және жабу, деподан шығу және кіру, жуу жұмыстары оператордың қатысуынсыз жүзеге асырылады.

«GoA4 – рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі, жаңа желілерді салу немесе қолданыстағы желілерді жаңғырту кезінде көптеген қалалар ұмтылатын стандарт. Метро мен LRT жүйелері үшін бұл тиімділікті, қауіпсіздікті және басқа көлік түрлерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілікті арттыруды білдіреді. Бүгінде GoA4 Сингапурде, Дубайда және Қытайда енгізілген, дәл осындай заманауи деңгей Астанада да іске асырылады» «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев

Жабдық пен инфрақұрылымды кешенді сынау кемінде алты айға созылады. Бірінші кезеңде тестілеу №112–№113 станциялары арасында басталады. Пойыздар бастапқыда 10 км/сағ жылдамдықпен қозғалып, кейін жылдамдық пен сынақ аймақтары кезең-кезеңімен артады. Бұл ең жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, рельстерді мұқият тексеруге және біртіндеп жобалық параметрлеріне өту үшін қажет.

Бірінші кезең:

  • сақиналы кабельдік желіні сынақтан өткізу;
  • инфрақұрылым мен жылжымалы құрамның көлемін бақылау;
  • рельстерге кернеу беру;
  • пойыздарды «суық» және «ыстық» жүргізу, инженерлік желілер дайын болғанына қарай сынақ аймақтарын біртіндеп кеңейту – аралықтардан станцияларға дейін.

Екінші кезең:

  • жылжымалы құрамды басқарудың негізгі жүйелерін сынақтан өткізу, радиобайланысты тексеруді қоса алғанда;
  • қозғалыс қауіпсіздігін сынау;
  • пойыздардың платформалық есіктермен өзара әрекеттесуін пысықтау;
  • станцияларға автоматты түрде келу және жүруді тексеру;
  • сигнализациямен біріктірілген сымсыз жүйелерді сынау;
  • электрмен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктемені бағалау;
  • штаттық және штаттан тыс жағдайларды модельдеу;
  • түрлі пайдалану сценарийлерін имитациялау.
«LRT пойызын жүргізуге дайындалып жүрміз. Оқытуды Астанада теориядан бастап, Қытайда тәжірибелік машықтарды шыңдадық. Соның ішінде электрпойызды басқару, штаттан тыс жағдайларда әрекет ету сияқты маңызды дағдыларды меңгердік. 7 айлық оқудан өтіп, міне, енді үшінші кезеңін бастадық. Ол тест жұмыстарына белсенді араласу. Бұл кезеңде LRT-ны тежеу, тарту жүйелері, автоматты жүргізу жұмысына қатысамыз. Осы білім мен тәжірибе кейін жолаушылардың қауіпсіздігі үшін аса қажет болады. Қазақстандағы су жаңа көлік түрін алғашқылардың бірі болып тізгіндеу – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. LRT – заманауи қадам, сондықтан біз өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз және асықпыз.» «City Transportation Systems» ЖШС-нің LRT пойыздарының операторы Айдар Надырбеков 

Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісі 750V жоғары кернеумен жабдықталған және ол адам өміріне қауіпті.

Сынақтар аяқталған соң, 2026 жылы LRT жүйесі пайдалануға беріліп, елордаға жаңа буынның толық автоматтандырылған және жүргізушісіз басқарылатын көлігі ұсынылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -