Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы Италия Президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.
– Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келесіздер. Бұл – Сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың екі ел қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
– Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Көпжақты құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Мен Сіздің бұл бағыттағы еңбегіңізді ерекше бағалаймын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қос халықтың достығы нығая береді. Бүгінгі келіссөздер мен уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді күшейте түседі деп ойлаймын. Біз осы жолда бірлесіп әрекет етуге дайынбыз, – деді Президент.
Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғарғы наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.
– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.