Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларындағы әскери бөлімдерде десантшылардың Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қызметтік міндеттерге адалдық пен оқу-жаттығу тапсырмаларын сапалы орындағаны үшін бірқатар әскери қызметші Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы атынан мақтау қағаздарымен, бөлім командирлерінің алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты іс-шарада бөлім командирлері, сарбаздардың ата-аналары және Қарулы күштердің ардагерлері сөз сөйлеп, Отан қорғаушының қасиетті борышы мен оның маңызын атап өтті.
Бір жыл ішінде сіздер шыңдалып, тәжірибе мен өмірлік мектептен өттіңіздер, – деді 35-десанттық-шабуылдау бригадасының командирі гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиев. – Сіздерге мықты десанттық денсаулық, отбасылық бақыт, амандық және ашық аспан тілеймін!
38-десанттық-шабуылдау бригадасының Жауынгерлік туына тізе бүгіп, маңдай тигізу құрметі кіші сержант Дулыға Құсмилияға бұйырды. Ол үшін бұл бір жыл ұмытылмас сәттерге толы болды. Алғаш рет парашютпен секірді, Астанада өткен әскери парадқа қатысты, сондай-ақ «Десант-2025» оқу-жаттығуына белсене араласты. Қызметі аяқталғаннан кейін Дулыға келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға шешім қабылдап отыр.
Осы бір жыл ішінде әскери қызметтің менің өмірлік жолым екенін түсіндім. Енді бұл жолда әрі қарай шыңдалып, кәсіби тұрғыда өсе бермекпін, – деді ол.
Биылғы жылы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамынан мыңнан астам мерзімді қызметтегі сарбаз туған үйлеріне оралады. Олардың қатарында жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсу мүмкіндігін пайдаланғысы келетін жастар да бар. Сонымен қатар 44 десантшы Қарулы күштер қатарында кәсіби әскери қызметін жалғастырады.