InDrive Қазақстанның цифрлық бастамаларын қолдайды

869
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова халықаралық InDrive қызметінің негізін қалаушысы әрі бас директоры Арсен Томскиймен кездесті. Кездесу барысында тараптар платформалық жұмыспен қамтуды дамыту, цифрлық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылап, болашақтағы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында Светлана Жақыпова такси жүргізушілері мен курьерлердің мәртебесін реттеу бойынша Салық кодексіне енгізілген өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, бұл түзетулер аталған санаттағы жұмыскерлерге әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталғанын айтты.

Сондай-ақ министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған цифрлық бастамалар жөнінде айтып өтті. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы мен Кәсіпорындардың цифрлық картасы, сондай-ақ отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың скорингтік моделін енгізу және нақты мұқтаж азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.

Өз кезегінде Арсен Томский InDrive компаниясының негізгі цифрлық шешімдерін таныстырып, Қазақстанда цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған жобаларға инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізіндегі құралдарды қолдануға қатысты бастамаларды қолдауға компанияның қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылап, мазмұнды әрі нәтижелі әңгіме үшін алғыс айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -