ТЖ министрлігінде вице-министр Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен Swiss Reinsurance Company Limited қайта сақтандыру компаниясының делегациясымен, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерімен, сондай-ақ «Агро сақтандыру қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында Агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Қазақстандағы апаттық тәуекелдерден сақтандыру саласындағы қазіргі ахуал мен оны дамытудың перспективаларын таныстырды. Табиғи және техногендік апаттар жағдайында ел экономикасының тұрақтылығын арттыру үшін тиімді сақтандыру тетіктерін енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Агро сақтандыру қауымдастығының төрағасы Серік Ибраев агро сақтандыру саласындағы Swiss Re компаниясымен ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық тәжірибе мен заманауи тәсілдерді ұлттық сақтандыру жүйесіне интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті.
Swiss Re компаниясының өкілі Марсель Андриссе апаттық тәуекелдерден сақтандыру жөніндегі әлемдік тәжірибе туралы айтып, бұл бағыттың жаһандық деңгейде дамуының перспективаларына тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Swiss Reinsurance Company Limited және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат еліміздегі апаттық тәуекелдерден сақтандырудың тиімді құралдарын бірлесіп дамытуға және енгізуге бағытталған.