ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде белгілі журналист, тележүргізуші, продюсер әрі қоғам қайраткері Майя Төлегенқызы Бекбаева қонақ болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл кездесу азаматтық борыш, заң күші мен әр адамның жеке жауапкершілігі туралы мәнді әңгімеге толы болды.
Айта кетейік, 5573 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары күн сайын елордамыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді. Олар – Отанға адалдықты, тәртіп пен жанқиярлықты таңдаған жас азаматтар.
Майя Төлегенқызы сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен, күнделікті тәртібімен, дене және моральдық дайындығымен жеке танысты. Атап айтқанда, қонаққа мынадай бағыттар көрсетілді:
- күнделікті қызмет элементтері;
- арнайы техника мен жабдықтар;
- қызметтік иттермен жұмыс істейтін кинологтардың дайындығы;
- Ұлттық ұлан тарихы мен дамуын қамтитын мұражай экспозициясы.
Бұлардың әрқайсысы – тәртіп пен заңдылыққа, азаматтық жауапкершілікке негізделген үлкен жүйенің ажырамас бөлігі.
Жеке құраммен кездесуде Майя Бекбаева қазіргі қоғамда заңды тек сөзбен емес, іс жүзінде сақтаудың маңызы зор екенін атап өтті:
Заң мен тәртіп – абстрактілі ұғым емес. Бұл – әрқайсымыздан басталатын мәдениет. Егер біз мықты әрі әділетті ел құрғымыз келсе, алдымен ішкі тәртіптен, өзгеге құрметтен және адалдықтан бастауымыз керек. Мемлекет – бөлек бір адамнан тұрмайды , мемлекет - ол біз. Жауапкершілік те өзіміздің мойнымызда»
Кездесу аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, қонақ пен сарбаздар «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың иесі» атты фильмді бірге тамашалады. Бұл туынды ҚР Президентінің Телерадиокешені мен «Жібек жолы» арнасының бірлескен жобасы болып табылады.
Ұлттық ұлан әскери қызметіне шынайы қызығушылық танытып, сарбаз еңбегіне құрметпен қарағаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Майя Төлегенқызына алғыс айтамыз. Мұндай кездесулер сарбаздарға жігер беріп, ынталандырады әрі қызметті үлкен міндеттің маңызды бөлігі ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.