Ұлттық ұлан – қауіпсіздік күзетінде

1122
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Астана – бейбітшілік пен татулықтың алтын бесігі. Күллі әлем назар аударған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXIII отырысы биыл да осы қасиетті шаһарда өтті. Әлемнің  түкпір-түкпірінен келген беделді тұлғалар, түрлі дін өкілдері мен саяси қайраткерлер Қазақстанның төрінде бас қосып, өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен дінаралық келісім жайында пікір алмасты.

Мұндай халықаралық ауқымдағы жиындардың табысты өтуі ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты. Осы ретте ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің тұрақты сақталуын Ұлттық ұлан жауынгерлері мойнына алды.

Астанада өткен отырыс күндері Ұлттық ұлан жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет атқарды. Қала аумағында 1000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылып, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене кірісті. Олар халықаралық делегациялар орналасқан қонақ үйлерде, басты көшелерде, мәдени орталықтарда тәулік бойы кезекшілік етті.

Бұл – әдеттегі қызмет емес, жауапкершілігі бірнеше есе артып, кез келген сәтте шешім қабылдай білуді қажет ететін күрделі міндет. Әскерилердің үйлесімді қимылы мен кәсіби даярлығы – елорда тұрғындары мен қонақтарының сенімін арттырды.

Халықаралық деңгейде өтіп жатқан осындай маңызды іс-шарада әрбір сарбазға артылған міндет айрықша жауапкершілік жүктейді. Мұндай сындарлы сәттерде сапта тұрған сарбаздардың ой-пікірін білу – қоғам үшін маңызды. Өйткені олардың әрбір қадамы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің тірегіне айналған. Қатардағы сарбаз Мәди Серікжан әлем елдері өкілдерінің қауіпсіздігіне жауап беру – екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе екенің айтады.

– Бұл – менің әскери өмірімдегі ең үлкен сынақтардың бірі. Әлемдік деңгейде өтіп жатқан жиынға біз жауапты болғандықтан, әрбір қимылымыз мұқият әрі жинақы болуы шарт. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген кезде бізге артар сенім де еселене түседі. Шаршау бар ма? Әрине, бар. Бірақ ол сезімді отанға деген мақтаныш, елге деген сүйіспеншілік басып кетеді. Біз – бейбітшіліктің күзетшісіміз.

Әскери өмір – тосын сәттерге толы, кейде күтпеген жерден үлкен шараларға қатысудың сәті түседі. Сол кезде көпшілікке  байқала бермейтін, бірақ сарбаздың иығына түсетін салмақ мол. Әскерде күнделікті атқарылатын қарапайым тәртіп бар, ал халықаралық іс-шарада оған қосымша жауапкершілік артады. Әрбір сарбаздың арманы – ел үшін қызмет ету,-дейді қатардағы Нұрсұлтан Қазақбайұлы.

–Біздің міндетіміз – тек қана күзет пен тәртіпті сақтау емес, халыққа сенім ұялату. Қала көшелерінде жүргенде азаматтардың бізге жылы қарап, ризашылықпен бас изегенін көргенде бойыңда ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Бұл – еңбегіміздің бағаланғаны. Осындай халықаралық іс-шараларда қызмет атқару бізге үлкен тәжірибе сыйлайды.

Ұлттық ұлан – ел тәуелсіздігінен кейінгі тарихта ерекше рөл атқарып келе жатқан күштік құрылым. Олар тек қоғамдық тәртіпті ғана қамтамасыз етіп қоймай, халықаралық деңгейдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына да үлес қосып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – Қазақстанның бейбітшілік пен диалогты дәріптейтін бірегей алаңы. Бұл жиынның қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуі –  елдің абыройы, ал оны қамтамасыз еткен Ұлттық ұлан жауынгерлері – әрбіреуіміз үшін мақтаныш.

Астана төріндегі маңызды отырыстың сәтті өтуіне үлес қосқан әрбір сарбаз – мемлекеттің айбыны мен халқымыздың сенімін ақтаған азамат. Олар бейбітшілікті күзетіп қана қоймай, болашаққа деген сенімді де нығайтып отыр.Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қажырлы еңбегі мен айнымас тәртібі – Қазақстанның басты құндылығы – тұрақтылық пен татулықтың кепілі екенінің айқын дәлелі.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева, Астана қ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -