Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – тек борыш пен тәртіп қана емес, сонымен бірге отбасы құндылықтарын нығайтатын үлкен мектеп. Әскери өмірдің сынақтары мен қуаныштарын қатар өткеріп жүрген жас офицерлер отбасы – Әлібек пен Салтанаттың тарихы соның айғағы.
Әскери қызмет пен отбасы өмірі – екі түрлі әлем сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бір-бірін толықтырады,-дейді кейіпкерлеріміз.
Аға лейтенант Әлібек Адилов – Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Қарақамыс ауылының тумасы. Лейтенант Салтанат Адилова – Астана қаласында дүниеге келген. Олардың таныстығы 2022 жылдың 11 желтоқсанында бастау алды. Екеуін табыстырған да қызмет болды. Екі жас Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Салтанат – 5573 әскери бөлімінің психолог маманы, ал Әлібек– рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Алғашында қарым-қатынастары тек ресми сипатта болды – жұмыс барысындағы кездесулер, жоспарлау, әңгімелер. Бірақ біртіндеп ресми қарым-қатынас жылы да жақын әңгімеге ұласып, қызметтік күндер тағдырлы кездесуге айналды. Бүгінде шаңырақ құрғандарына бір жылдан аса уақыт өтті.
Әскери қызмет отбасылық өмірге ерекше әсер етеді. Бірақ жас жұбайлар мұны қиындық емес, керісінше, отбасыны нығайтатын күш деп санайды.
— Өздеріңіз білетіндей, әскери қызмет - темірдей тәртіпті талап етеді. Тәртіп болуы үшін үлкен жауапкершілік қажет. Әскери қызмет бізге тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Берілген сөзде тұру, қиындықтарды еңсере білу – мұның бәрі отбасымызға да сіңді. Онсыз болмайды, жеке құрамға жауапты офицер, өз отбасына да жауапты қарайтыны анық. Отбасылық өмірде барлығы да керек, — дейді Әлібек пен Салтанат.
Олар үшін отбасы – жай ғана жақын адамдар емес, нағыз «тыл». Әскери отбасы үшін әрбір минут қымбат. Көп жағдайда ұзақ уақытқа бөлек жүруге тура келеді, сондықтан қысқа қоңырау немесе қарапайым хабарламаның өзі ерекше мәнге ие.
— Біз үшін бақыт дегеніміз – аз уақыт болса да бірге болу және әрбір сәтті бағалай білу. Өйткені, әскери қызметте бос уақыт көп бола бермейді, сондықтан қандай да бір ортақ сәттерді мүмкіндігінше бақытты пайдалануға тырысамыз, — дейді олар.
Әлібек пен Салтанат үшін Отбасы күні – бір-бірін қадірлеудің, сүйіспеншіліктің, сенім мен қолдаудың маңызын еске салатын мереке.
— Әсіресе әскери отбасы үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені әрбір әскери адамның артында берік тыл – отбасылық сүйіспеншілік пен сенім тұр, — дейді олар.
Салтанаттың айтуынша, жолдасы жұмысына жауапты адам, ол ротаның тәрбиесін қамтамыз етеді. Дәл осындай қасиеті жас арудың жүрегін жаулады десек те, болады. Ол Отанына да, отбасына да адал жан. Ондай адамға ел қауіпсіздігін де, жанұяның гүлденуін сеніп тапсыруға болады.
Жас отбасы болашақтан көп үміт күтеді. Олар үшін ең басты арман – жылуы мен шаттығы мол шаңырақ құру, бірге уақыт өткізу, балаларды мықты да мейірімді етіп тәрбиелеу.
Ағайын - туыстары да, әскери бөлімдегі әріптестері де Адиловтар отбасын құрметтейді және өзгелерге үлгі етеді. Бұл да білген адам үшін үлкен абырой. Отбасының беріктігі бұл - еліміздің іргетасының беріктігі.
— Біздің мақсатымыз – сенім мен сүйіспеншілікке толы отбасы болу. Ал кез келген сынақ бізді тек шыңдай түседі, — дейді олар.
Әлі жас болғанына қарамастан, Әлібек пен Салтанат басқа жас отбасыларға да жүрекжарды тілегін айтады:
— Махаббат пен қолдау – кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі. Қуанышты қарапайым сәттердің өзінен таба білу керек. Ең бастысы – бір-біріне сенім арту.
Әлібек пен Салтанаттың тарихы – әскери қызмет пен отбасы шаттығы қатар жүре алатынының айқын дәлелі. Шынайы махаббат, сенім мен құрмет бар жерде отбасы – мызғымас тылға айналады.
Атақты ақын Мұхтар Шаханов :
- Әнсіз өмір мәнді ме?
Ән түзелсе, түзейміз ғой
сәнді де.
Жұбайлар бар әңгімесі таусылға,
Ал махаббат - таусылмайтын әңгіме,-деп айтқан болатын.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкерлері қызмет пен отбасын жүгеннің қос тізгініндей бірдей алып келеді. Отанды қорғау ісіне бір адамдай өздерінің үлестерін қосып келеді. Ең бастысы - осы арқылы шынайы, рухани құндылықтарды қалыптастыруда. Біз осындай жанялармен мақтан тұтамыз. Жұбайлардың жыры да, әңгімелері де таусылмасын!
Лейтенант Әйгерім Балтабаева, Астана қ.