Әрбір адамның өмір жолында түрлі белестер мен сан қилы кезеңдер кездесетіні белгілі. Сол белестерден сүрінбей өтіп, абыройлы еңбек ету – үлкен мәртебе. Осы тұста ең маңыздысы – ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, ел игілігіне адал қызмет қылып, зейнет жасына жету. Ал сол зейнетке шығу ол жылдар бойы төккен тер мен атқарған қызметтің жемісі.
Зейнетке шығу - бұл бір жағынан өмірдің жаңа парағы басталатын, екінші жағынан жүрекке мәңгі естеліктер қалдыратын ерекше сәт. Себебі қызмет барысындағы қызықты сәттер, қйын кезеңдердегі әріптестердің қолдауы, ортақ мақсат жолындағы еңбек, бір-біріне деген сыйластықтар адам жадында мәңгі сақталатыны анық. Зейнетке шығу – тек қана еңбек жолының аяқталуы ғана емес, жаңа өмір жолының бастауы, отбасына, өзіне, ата-анасы мен бауырларына көбірек уақыт бөлу мүмкіндігі. Дәл осындай сәт өз өмірінің 20 жылын әскери салаға арнап, адал да абыройлы қызмет атқарған майор Жұмабекова Алмагүл Ақылбекқызына келіп жетті. Ендеше бүгінгі мақаламызда жиырма жылдық бейнеттің зейнетіне жеткен жанның өмірі туралы сөз қозғайтын боламыз.
Қазақ халқы әрқашан өз балаларының тәрбиесіне, шыққан тегіне ерекше мән берген. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші ұлың ер жетіп, қызың бой жеткенде олардың бойынан ата-ананың берген тәрбиесі, тайға таңба басқандай көрініп тұрары анық. Осыны әуелден түсінген бүгінгі кейіпкеріміздің ата-анасы Ақылбек әкеміз бен Сара анамыз өз балаларының бойына ар-ұят, адалдық пен ізгілік, жауапкершілік пен еңбекқорлық секілді құндылықтарды сіңіріп өсірген. Ақылбек әкеміз бен Сара анамыз сегіз ұл-қызды дүниеге алып келіп, ұрпағының болашағына сеніммен қарап, қатарынан кем қылмай өсірген жандар. Бүгінгі кейіпкеріміз Алмагүл ханымның әкесі Ақылбек – ауылда зоотехник, қойма меңгерушісі қызметін атқарған. Сөзі мен ісі үйлескен, өнерге жақын, ел аузындағы шешен азаматтардың бірі болған екен. Ал анасы Сара сабырлы мінезімен, бала тәрбиесіне деген ерекше ықыласымен өзінің отбасын береке-бірлікке ұйытып отырған.
Кейіпкеріміз Алмагүл Ақылбекқызы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Ханкөл ауылында осындай тәрбиелі де текті отбасында дүниеге келген жан. Қазақ халқының салт-дәстүрінде немере баланы әже бауырына салу секілді – ежелден жалғасын тапқан дәстүр бар. Дәл осындай әжесінің мейірімі мен қамборлығын сезініп өскен жандардың бірі – бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Алмагүл!
Кейіпкеріміздің балалық шағы өзгеше басталған. Ол үш жасқа енді толған кезінде анасы Сара кішкентай қызды өз қолынан туған анасын жалғыз қалдырмау үшін нағашы әжесінің қолына береді. Өйткені нағашы әжесінің қыздары бойжетіп біреуі тұрмыс құрып ал енді біреулері қалаға білім қуып кеткен кез еді. Осылайша кейіпкеріміз Алмагүл мектеп табалдырығын да, студеттік шағында да әжесінің қолында өсіп, тіпті нағашы әжесін «Мама» деп те атап кеткен екен. Алмагүл Ақылбекқызының балалық шағы, қазақы тәрбиенің қайнар бұлағы саналатын әже қолында өткен. Көрегенділігімен дараланған әжей, немересінің болашағына бағыт-бағдар беріп, білімге құштарлығын оятқан.
- Иә, мен кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Бірақ өз ата-анамнан да алшақ болған жоқпын. Демалыс күндері әжем екеуміз туған үйіме барып, ата-анаммен, аға-бауырларыммен жиі кездесіп тұратынбыз. Қазақ тілі мамандығын таңдауыма да әжемнің ықпалы зор болды. Сол кісінің қолдауымен ұстаздық жолды таңдадым. Қазақ тілі мұғалімі атану – мен үшін арман ғана емес, әжемнің маған артқан үмітін ақтау еді. Бұл менің емес, әжемнің маған таңдам берген мамандығы, - деп Алмагүл Ақылбекқызы күлімдем, жастық шаққа ой жүгіртті.
Алғашқы білімін ауылда алған Алмагүл кейін Орал қаласына қоныс аударып, сол кездегі қаладағы жалғыз қазақ мектебі – Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырған. Жаңа мектептегі ұстаздары 7-сынып оқитын Алмагүлдің білімге деген талабына қызығып, оның білімін әрі қарай дамытуға атсалысқан көрінеді. Солардың бірі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Зәуреш Сапарова шәкіртінің бойындағы қабілетті шыңдап, туған тілге деген сүйіспеншілігін арттырған. Зәуреш Сапарова өзінің шәкірті, Алмагүлді түрлі қоғамдық іс-шараларға қатыстырып, соңынан мектеп қабырғасында өткізілетін шаралардың тұрақты жүргізушісі де болып кеткен. Осы жылдары Алмагүлдің бойынан ұстаздыққа деген алғашқы құштарлығы да ояныпты. Ол кезде Алмагүл 10 сынып оқушысы еді. Он бірінші сыныпты бітірісімен кейіпкеріміз Алмагүл, БҚО педагогикалық институтқа түсу үшін бағын сынап көреді, алайда аталмыш оқу орнына түсе алмайды. Алмагүл онымен тоқтап қалмай, мойымай Шыңғырлау ауданындағы педагогикалық курсты тәмамдап, «мектепке дейінгі тәрбиеші» мамандығын иеленеді. Кейін Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетіне түсіп, қаладағы №19 балабақшада жұмыс істеп жүріп оқуын аяқтайды. Жылдар өте келе түрлі мемлекеттік мекемелерде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүреді. Осылайша уақыт өте келе 2006 жылдың күзінде Алмагүл Ақылбекқызының тағдыр жолы ел қорғаны – Ұлттық ұлан қатарына әкеледі. Сол жылдан бастап әскери ортада мемлекеттік тілді дамытуға, өзге ұлт өкілдеріне үйретуге атсалысып келді. Алмагүл Ақылбекқызының осы 20 жыл ішінде 5517 әскери бөліміне сіңірген еңбегі орасан зор. Әскер қатарындағы қызмет тек тәртіпті ғана емес, үлкен ұйымдастырушылық қабілетті де талап ететінін біз жақсы білеміз. Осы тұста Алмагүл Ақылбекқызының кәсібилігі ерекше көрінді. Ол өз ісінің нағыз маманы ретінде танылды. Қолынан келмейтін іс жоқ, әр тапсырманы тыңғылықты орындап, әріптестерінің сеніміне ие болды. Облыс көлеміндегі түрлі мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет етіп, үйлестірушілік қабілетін көрсетті. Қаладағы кез келген маңызды сұрақтың түйіні осы кісінің қатысуымен шешіліп отырды десек, артық айтқанымыз емес.
Алмагүл Ақылбекқызы, қызмет пен қатар баласының тәрбиесіне де ерекше мән берді. Ұлы Жахангир қазақ-түрік лицейін тәмамдап, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында «әуе жолы диспетчері» мамандығын игерді. Бұл – ананың балаға деген мейірімі мен еңбегінің жемісі.
- Мен – анамның жан дегенде жалғыз ұлымын. Бала күнімнен бастап ана жүрегінің жылуын сезініп өстім. Мен білемін менің анамның жүрегінде маған деген мейрімнің орны бөлек. Мен де анамды шексіз жақсы көремін. Бала кезімнен есімде қалған бір оқиға бар. Қазақ-түрік лицейінде оқып жүрген кезім еді. Әдеттегідей сенбі, жексенбі күндері анам мектепке келіп мені алып кететін. Сондай бір күздің қара суық, нөсер жауынды күні еді. Дірдек қаққан анам маған мектепке келіп, мені алып көлікке апарып отырғызды. Сәлден соң қалтасынан бір тал сағызды алып, екіге бөлді, сөйтті де бір жартысын маған беріп, екіншісін өзі алды. Сол сәтте балалықпен: - Анашым неге бұлай істейсіз? – деп сұрайтынмын.
Анам болса әрдайым күлімдеп: Солай істеу керек болып тұр ғой, - дей салатын.
Уақыт өте келе сол қарапайым көрністің терең мәнін түсіндім. Сөйтсем, анам бір тал сағыздан да үнемдеп мен тоңбасын, жақсы, жылы киім кисін, қатарынан қалмасын деп тіршілігін түгендеп жүрген екен. Анам осылайша мені жеткізді, оқытты, үй қылды, шаңырақ көтертті. Енді өмір бойы қанша жақсылық жасасам да, анашымның алдында қарыздар екенімді жүрегіммен сезінемін, - деп ұлы Жахангир өз ойымен бөлісті.
Жұмабекова Алмагүл Ақылбекқызы – қарапайым ауылдан шығып, үлкен қалада білім алып, өмірін елге қызмет етуге арнаған жан. Еңбек пен адалдықты серік еткен ол қай ортада болсын ұйымдастырушылығымен, жан-жақты қабілетімен ерекшеленді. Зейнетке шыққанымен, қоғамнан қол үзген жоқ. Өз тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі жастарға үлгі болып келеді. Қазақтың қайсар қыздарының бірі ретінде ол ұлт рухын көтеріп, адал қызмет етудің нағыз өнегесін көрсете білді. Зейнетке шыққан Алмагүл Ақылбекқызына біз де өз кезегімізде шынайы алғысымызды айтып, жүрек жарды тілегімізді жеткізіп қайттық.
Сөз соңында айтарымыз бүгінгі кейіпкеріміз секілді қазақтың білімді де білекті қайсар қыздары көп болсын, өйткені олар – елдің тірегі, тілдің жанашыры, ұлттың намысы мен болашағының кепілі.
Майор Ертуған Әубәкір, Орал қ.