Қарауыл қызметі – сенімді қолда

1122
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Алматы облысына қарайтын Алатау қаласының Заречный ықшам ауданында Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімі орналасқан. Бөлімнің жеке құрамы осы елді мекенде орналасқан үш бірдей түзеу мекемесін күзету, сотталғандарды қадағалып, бақылауда ұстау, қашуына жол бермеу сияқты бірқатар міндеттерді атқарады.

Сондай қызметтердің бірі –  қарауыл қызметі. Қарауыл қызметі – Ұлттық ұландағы маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Бұл қызмет – жеке құрамнан қырағылық пен батылдықты, жарғылық міндеттерді бұлжытпай орындауды және батыл шешімді талап етеді. Қарауыл қызметіне моральдық-психологиялық жағынан әбден зерттеліп, сынақтан өткен әскери қызметшілерге ғана рұқсат беріледі. Ал, қарауыл дегеніміз – өзіне бекітілген нысанның күзеті мен қорғалуын, сонымен қатар ұсталған, сотталған адамдарды күзету, айдауылдау бойынша жауынгерлік міндеттерді атқарады.

Жеке құрам арасындағы әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі өте маңызды. Сондықтан да қарауыл бастығы және қарауыл бастығының көмекшісі жауынгерлік қызметті тиісті деңгейде атқару үшін қарауыл жеке құрамының дайындығына аса мән береді.

Жуынгерлік қызметтің бел ортасында жүрген мамандардың бірі   - қарауыл бастығы аға сержант Нұрлан Темірбаев.

Нұрлан Сағитұлы 2004 жылы Ішкі әскерге мерзімді қызметке сарбаз болып шақырылған. Екі жыл сарбаз болып әскери борышын өтеген соң, ол келісімшарт бойынша әскери қызметке қалады. Содан бері бір ұжымда қызмет етіп келеді. Алғашында қарауыл бастығының көмекшісі болып қызметін бастаған Нұрлан, қазір нағыз майталман қарауыл бастығы болған. Оның басты міндеті - қарауылдың жауынгерлік қызметін ұйымдастыру. Оған сақшылардың ауысымы, бақылау-өткізу пунктінің жұмысы, үнемі жауынгерлік әзірлікте болу сияқты міндеттер жатады. Сондай-ақ түзеу мекемесіне азық-түлік таситын көліктерді, кездесуге келген адамдарың заттарын мұқият тексеру, тыйым салынған заттардың өтіп кетуіне жол бермеу міндеттерін атқарады.

Аға сержант Нұрлан Темірбаев қызметте жинаған мол тәжірибесі мен үздіксіз жетілдіріп отыратын білім-білігінің арқасында ұжымдағы айтулы мамандардың бірі болып отыр. «Қарауыл бастығы үшін басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр» деп санайтын Нұрлан Сағитұлының кейінгі буын жастарға да үйретері мол. Қарауыл қызметіне жаңадан келген әскерилерге бұл қызметтің қыр-сырын, өзін қалай ұстау керектігін, не нәрсеге баса назар аудару, нені қалт жібермеу керектігін айтып түсіндіруден жалықпайды және оны тәжірибелі маман ретінде өзінің парызы санайды.

Өзінің қызметі жайында аға сержант Нұрлан Темірбаев былай дейді:

- Ұлттық ұланда қызмет етіп жатқаныма жиырма бір жыл болды. Осынша уақыт қарауыл қызметінде жүрмін. Қарауыл бастығының міндеті – өте жауапты іс. Кезекшілікке түскен ауысымда тәулік бойы түзеу мекемесін күзету қызметінің тәртібіне жауап береміз. Қару- жарақ пен оқ-дәріге де жауап береміз. Төтенше жағдайда резервтік топтарды дереу жіберуді ұйымдастырамыз. Сақшылардың қызметі, тәрбиесі, тіпті олардың көңіл күйлері әрдайым қарауыл бастығының назарында. Қарауыл бастығы сарбаздар үшін  әрі психолог, әрі ақылшы бола білуі керек, кейде аспаз да болып кетеміз, кейде ата-анасы сияқты да сөйлесуімізге тура келеді. Әрине, қызмет болған соң, тәртіп бірінші орында тұрады. Дегенмен қарумен жауынгерлік қызмет атқаратын жеке құрамға ерекше назар аудару қажет екені даусыз.

Қарауыл бастығы әділ болуы тиіс, жауапты, күрделі жағдайда тез шешім қабылдай алатын адам болу керек. Әр жұмыстың қиындығы болады, бірақ уақыт өте келе, тәжірибе жинап, бәрін жеңе білдім.

Жастарға қандай кеңес берер едіңіз деген сұрағымызға, Нұрлан «Жастарға білім алудан қашпаңыздар, қиындыққа төзімді болыңыздар, қызметті адал атқырыңздар» деп, көкейдегі тілегін білдірді.

Тәлімгерлік туралы не айтасыз дегенімізде, аға сержант Нұрлан Темірбаев алдымен өзіне осы қызметтің қыр-сырын үйреткен алдыңғы буын прапорщиктер Батырхан Тауасаров пен Алексей Гребенщиковты есіне алды. Олар қазір зейнеткер болса да, тәлімгер ретінде әлі де хабарласып тұратындығын, білмегенін сұрап, ақыл-кеңесіне құлақ түретінін айтты.

- Тәлімгерлік деген атқыштар батальонының қызметіне өте қажет нәрсе. Біз жаңадан келген жастарды алдымен осы қызметке әбден үйретеміз. Бір лауазымда ұзақ уақыт бойы дайындаймыз. Олар келесі сатыға өту үшін төменнен бастап, қызметтің бүге-шегесіне дейін әбден біліп, дайын болуы керек. Яғни сол лауазымда пісуі керек. Бұл жерде кездейсоқ адам қызмет ете алмайды, - дейді кәнігі қарауыл бастығы.

Нұрлан Сағитұлы – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Салқынкөл ауылында балалық шағы өткен, туған ауылында мектепті тәмамдаған, әскери адам болсам деген бала арманы жетелеп, бүгін абырой биігіне көтеріп отыр.

Қарауыл қызметіне келетін адам физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да дайын болу керек. Ол табандылық пен байсалдылықты, сондай-ақ өте сақ әрі қырағы болуды талап етеді. Бастысы, қарауыл қызметінің әрбір жауынгері жауапкершілікті сезініп, өз қызметін ынтамен, жігермен атқаруы тиіс. Ал оған көпжылдық тәжірибені қоссаңыз,  нағыз өз ісінің шебері болып шығады.  Аға сержант Нұрлан Темірбаев – сондай майталман маманның бірі. Ол осы қиын да күрделі қызметке аса жауапты қарайды, жылдар бойы жатталған міндетіне аса қырағы, белбеуін ешқашан бос тастаған емес. Отанға адал қызмет етудің үлгісін кейінгі жастарға да көрсетіп келеді.

Өз ісінің маманы, білікті, тәжірибелі қарауыл бастығы аға сержант Нұрлан Темірбаевқа қарап, қарауыл қызметі – сенімді қолда екенін білуге болады.

Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, «Оңтүстік» ӨңҚ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -