Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» тақырыбында өткен Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға әлемнің 50-ден астам елінен 300-ден астам компания атынан 2,5 мыңнан астам делегат жиналды. Қатысушылар арасында халықаралық энергетикалық ұйымдардың басшылары, ірі мұнай-газ корпорацияларының жетекшілері және энергетика министрлері бар.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді:
«Экономика, ғылым-білім, инновация, озық технология сияқты стратегиялық маңызы бар салалардың дамуы қуат көздерінің қолжетімді болуына тікелей байланысты. Сондықтан, біз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және ОПЕК сияқты беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі. Форум аясында энергетика саласын өркендетуге жол ашатын тың идеялар мен жасампаз бастамалар ұсынылады деп сенемін», — делінген Қазақстан Республикасы Президентінің Үндеуінде.
Өз сөзінде Қазақстан Премьер-министрі форумға қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі энергетикалық жобалар туралы айтты. Мұнай-газ химиясында жалпы қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид өндіру жобалары қолға алынды. 2030 жылға дейін жалпы құны $15 млрд-тан асатын алты жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Қайта өңдеу көлемі артып келеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Жаңаөзенде, Қашағанда және Теңізде газ өңдеу саласы дамып жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда.
Халықаралық әріптестермен бірлесіп, жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жиынтық қуаты 1 ГВт болатын үш заманауи көмір жылу электр станциясының құрылысы басталды. Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, өңдеу қуаттылығы 39 млн тоннаға дейін ұлғайып, өңдеу тереңдігі 94%-ға жетпек.
Қазіргі таңда саланы цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударылуда. Энергетика саласында ЖИ геологиялық барлау тиімділігін арттыру және өндіру, тасымалдау, өңдеу және басқа да үдерістерді оңтайландырудың негізгі құралына айналуда.
Мұнай өндірудің жетілдірілген әдістері, барлау және өндіру үдерістерін цифрландыру, деректерді талдауда жасанды интеллектіні пайдалану өндіру қарқынын жақсартуға және тек қолданыстағы кен орындарында ғана емес, сонымен қатар шағын және орта кен орындарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Президенттің бастамасымен құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі экономиканың барлық саласына инновация интеграциялауды жеделдетудің негізгі буыны саналады.
Цифрландырумен және ЖИ енгізумен қатар энергияға деген сұраныстың артуы қуат көздерінің ауқымды көлемін өндіруді талап етеді.
Бұл тұрғыда жерде сирек кездесетін металдар мен уран өндіру және атом электр стансаларын салу жобалары ерекше маңызға ие.
Премьер-министр Қазақстан халықаралық ұйымдармен және бизнеспен бірлескен жоғары технологиялық өндіріс орындарын құруда ынтымақтастыққа ашық, сенімді әрі болжамды серіктес болып қала беретінін атап өтті.
Пленарлық сессия барысында әлемдік энергетиканы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және тағы да басқалар өз пікірлерімен бөлісті.
Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (OPEC) Бас хатшысы Хайтам әл-Гайс энергоқауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, мұнай-газ саласына инвестицияларды ұлғайтуға шақырды.
Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) бас директоры Франческо Ла Камера Орталық Азиядағы «жасыл» энергетика мен ЖЭК жобаларын енгізуді жеделдетудегі «орта» державалар арасындағы ынтымақтастық перспективаларын белгілеп берді.
Халықаралық энергетикалық форумның (ХЭФ) Бас хатшысы Джассим Альширави Қазақстанның жаһандық энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және орнықты өтпелі кезеңдегі өңірлер арасындағы көпір ретіндегі шешуші рөлін атап өтті. ҚР-ның жаңартылатын энергетиканы дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаған Джассим Альширави елімізді ХЭФ-тің ресми мүшесі болуға шақырды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары Ахмад Саидмуродзода ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, инвестицияларды ынталандыру және тұрақты энергия көздеріне көшуді жеделдету қажеттігіне назар аударды.
Араб мемлекеттерң лигасының (АМЛ) қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Махмуд Фатхалла тұрақты дамудың, энергетикалық және жаһандық тұрақтылықтың негізі ретінде жаңартылатын энергияға инвестиция салудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және энергия өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Форум жұмысы жалғасуда.