Қазақстан мен АЭХА атомды бейбіт мақсатта пайдалану стратегиясын әзірлейді

803
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Агенттік Төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің Халықаралық атом энергиясы агенттігі (АЭХА) Бас директорының орынбасары Хуа Лиумен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Келіссөздер барысында тараптар ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамытудағы негізгі бағыттарды, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы АЭХА-мен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін, сондай-ақ Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы басымдықтарын талқылады. Елде орнықты әрі қауіпсіз атом саласын қалыптастыруға бағытталған ұлттық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар тараптар Агенттік пен АЭХА арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға арналған бірлескен «жол картасын» әзірлеу мәселесін қарастырды.

Хуа Лиу Қазақстанның ядролық технологияларды жауапты әрі қауіпсіз пайдалануға адалдығын жоғары бағалады. Ол республика соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы ядролық қауіпсіздік пен таратпау мәселелерінде тұрақты түрде көшбасшылық танытып келе жатқанын және атом энергетикасын дамытуға арналған ұлттық бағдарламаның негізін қалаушы элементтерін қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

АЭХА Бас директорының орынбасары Қазақстандағы барлық бастамалардың Агенттіктің негізгі халықаралық стандарттары мен қағидаттарына толық сәйкес жүзеге асырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол ұлттық реттеуші органның әлеуетін арттыруға жәрдемдесуді қоса алғанда, жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, АЭХА-ның Қазақстанды сенімді әрі стратегиялық маңызды әріптес ретінде қарастыратынын ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды табысты жүзеге асыру мақсатында күш-жігерді үйлестіруге бейілді екендерін растады. Сондай-ақ тараптар тығыз әріптестік бейбіт атомды дамытуға, ядролық қауіпсіздікті арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -