Қорғаныс министрлігінде авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов пен Бас әскери прокурор әділет генерал-майоры Дастан Секенов «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің РҚБ төрайымы Лилия Хайруллинамен және ұйымның аймақтық филиалдарының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуде бірлескен жұмыстың қорытындылары мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау және мерзімді қызметтің жағдайын жақсарту бойынша жаңа қадамдар талқыланды.
Қорғаныс министрі сарбаздардың тұрмыстық жағдайын, тәрбиелік жұмыстарын және психологиялық сүйемелдеуін жақсарту мәселелерін шешу үшін мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық бірлестіктердің ресурстарын біріктіру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ол Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметі мен «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті арасында тығыз өзара іс-қимылды жолға қоюды ұсынды.
«Талдау көрсетіп отырғандай, екі құрылымның да мақсаттары ұқсас және бір-бірін толықтыратын мықты жақтары бар. Күш-жігерді біріктіру жекелеген бастамалардан бірлескен қызметтің тұрақты моделіне көшуге мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы бастамашылық еткен „Халық үніне құлақ асатын мемлекет“ қағидаттарына сай келеді», – деді авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов.
Сондай-ақ ол Комитет өкілдерінің кез келген уақытта әскери бөлімдерге алдын ала хабарламай-ақ бара алатынын атап өтті.
Бас әскери прокурор Дастан Секенов қатысушыларды Қарулы күштерде «Әскерде заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика» бағдарламаларының жүзеге асырылуымен таныстырды.
«Бұл бағдарламалар жеке құраммен оқытудың жаңа түрлерін және түсіндіру жұмыстарын енгізуге, әскери қызметшілердің құқықтық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге, жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ өтініш беруге және құқықтық кеңес алуға арналған цифрлық сервистер құруға бағытталған», – деп атап өтті қадағалау органының басшысы.
Комитет төрайымы Лилия Хайруллина Қорғаныс министрлігі мен әскери прокуратура органдарының қоғаммен диалог орнату және әскери қызметшілерді қолдау жөніндегі әлеуметтік бастамаларын оң бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға уағдаласып, армиядағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту мен Қарулы күштердің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Сол күні Сарбаздар аналары комитетінің өкілдері Астанадағы Бас әскери клиникалық госпитальге барып, әскери қызметшілерді емдеу және оңалту жағдайларымен де танысты.