Таразда ерлік пен азаматтық жауапкершілік танытқан тұрғындар марапатталды

891
Фотосурет: Gov

Жамбыл облысының ТЖ департаментінде бастамашылдығы, ерлігі мен азаматтық жауапкершілігі, сондай-ақ ТЖМ бөлімшелерінің қызметін насихаттауға қосқан үлесі үшін батырларды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бұйрығына сәйкес «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен Алисултан Байрахтаров пен Ислам Мурадов марапатталды. Облыстық ТЖД басшылығы немқұрайдылық танытпай, батылдық пен қиын сәтте көмек көрсетуге дайын болғаны үшін батырларға алғыс білдірді.

Еске салайық, 2025 жылғы 6 қыркүйекте Тараз қаласының Жамбыл даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт оқиғасы орын алды. Алғашқы болып жағдайды байқағандар – қала жастары Алисултан Байрахтаров пен оның досы Ислам Мурадов болды. Олар ойланбастан «112» нөміріне қоңырау шалып, кіреберістерді аралап, тұрғындарды қауіп туралы ескертіп, эвакуациялауға көмектесті. Олардың жедел әрекеттерінің арқасында адамдар дер кезінде сыртқа шығарылып, өрт сөндірушілер келгенше қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.

Алисултан Байрахтаровтың азаматтық белсенділігін де атап өткен жөн. Ол оқиғаны ұялы телефонына түсіріп, кейін бейнероликті TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде жариялады. Бейнеролик 7 миллионнан астам қаралым жинап, қоғамның назарын өрт қауіпсіздігі мәселелеріне аударып, азаматтық қорғау қызметінің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етті.

Бұл оқиға қарапайым тұрғындардың ерлігі мен азаматтық жауапкершілігінің адам өмірін құтқаруда қаншалықты маңызды екенін көрсеткен айқын үлгі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -