МӘМС медицина қызметтерінің сапасын арттырып, бәсекелестікті дамытады

2420
Фотосурет: Gov

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу – денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат көлемін арттырудың және инвестиция тартудың басты драйверіне айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық өсім қарқыны екі еседен астам артты және 23,8%-ды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.

«2027 жылға қарай МӘМС қаражаты саланың шығыстар құрылымындағы негізгі қаржыландыру көзіне айналады. Бұл халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді» Ақмарал Әлназарова

Соңғы жеті жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 2,6 есеге артты — 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін. Медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы да 2,5 есеге өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы 2,8 есеге — 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін ұлғайды. Ал алғашқы және консультативтік-диагностикалық деңгейлерде көрсетілетін медициналық қызметтер көлемі 2,7 есеге артты.

Саланың жаңғыртылуының нәтижесі халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінен көрініс табуда. Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жылға жетті, ал ағымдағы жылдың соңына дейін 75,8 жылға жетеді деп күтілуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ең жоғары болып табылады. Өлім-жітім 3%-ға азайды, аналар өлімі — 100 мың тірі туған сәбиге шаққанда 14,8-ден 10,1-ге, нәрестелер өлімі — 1 000 балаға шаққанда 7,93-тен 6,80-ге төмендеді.

«Бүгінде МӘМС тиімділігін дәлелдеп отыр: қаржыландыру көлемі артып, медициналық қызметтерге қолжетімділік кеңеюде, бәсекелестік күшейіп, халық денсаулығының көрсеткіштері жақсаруда» Ақмарал Әлназарова

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -