«AQ-DALA» фестивалі Қазақстанның фермерлерін, қайта өңдеушілерін және аграрийлерін біріктірді

1353
Фотосурет: Gov

Дүниежүзілік мақта күніне орай Түркістан облысында фермерлерді, қайта өңдеушілерді, аграрлық ғылым мен бизнес өкілдерін біріктірген ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фестивальдің мақсаты – отандық мақта саласының жетістіктерін насихаттау, тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологияларды таныстыру және жұмысшы мамандықтар жылы аясында үздік ауыл еңбеккерлерін марапаттау.

Іс-шара барысында қатысушылар демо-алаңдарға барып, озық шаруашылықтардың жұмысымен танысты, ауыл шаруашылығы мен мақта өсіру техникасы, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерінің заманауи үлгілері ұсынылған көрмені аралады.

Форум алаңында жаңа агротехнологиялар таныстырылып, ресурсты үнемдейтін шешімдерді енгізу мәселелері бойынша семинарлар өтті. Сондай-ақ өңірдің үздік мақташылары марапатталды.

Мақта – Түркістан облысының аграрлық секторының негізгі бағыттарының бірі.

Өңірде жалпы қуаттылығы жылына 193 мың тонна шикізатты өңдейтін бес мақта-тоқыма кластерін құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға және толық циклды – мақта өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Отырар ауданында және Арыс қаласында 32 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып мақта егу жөніндегі инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл тәсіл су шығынын 50%-ға дейін қысқартып, өнімділікті 2–3 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару жүйелерін енгізу шығындарының 80%-на дейін субсидияланады.
Биыл осындай технологиялар 59 мың гектар жерге енгізіліп, 150 млн текше метрден астам су үнемделді.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеп, дайын тоқыма өнімін шығаратын көпсалалы кәсіпорынның құрылысы жалғасуда.
Қараша айында қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр мата және 7 млн жиынтық төсек-орын бұйымдарын өндіретін алғашқы иіру фабрикасын іске қосу жоспарланған.

Бұл жоба экспортқа бағытталған тоқыма өндірісін дамытуға негіз қалайды, сонымен қатар отандық өнімнің сыртқы нарықтағы үлесін арттырып, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіптегі позициясын нығайтады.

2025 жылы Түркістан облысының шаруалары 144,5 мың гектар жерге мақта егіп отыр.
Биылғы күтілетін өнім көлемі – 470 мың тонна мақта-шикізат. Өңірде 25 мақта зауыты және 175 қабылдау бекеті жұмыс істейді, олар өнімді уақтылы қабылдап, бастапқы өңдеуді қамтамасыз етеді.

«AQ-DALA» фестивалі дихандар еңбегіне құрметтің, саланың жаңа мүмкіндіктерін көрсетудің және мақта Қазақстанның оңтүстігі үшін стратегиялық бағыт болып қала беретінінің айқын дәлелі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -