Астананың алтыншы ауданы саналатын Сарайшық ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылғанына жарты жылдан асты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орталықта зейнеткерлер үшін тегін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Егде жастағыларға 20-дан астам қызмет көрсететін орталыққа осы уақыт ішінде 520-дан аса зейнеткер тіркеліп, түрлі үйірмелер мен спорттық жаттығуларға белсенді қатысып келеді. Мұнда егде жастағы азаматтар йога, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты спорт түрлерімен айналысып, шығармашылық және танымдық шараларға қатысады. Мұнда қариялар бір-бірімен пікір алмасып, жаңа таныстық орнатады.
Зейнеткерлердің айтуынша, мұндай орталықтар олардың белсенді өмір салтын сақтап, қоғаммен байланысын үзбеуіне мүмкіндік береді.
«Осындай қамқорлық көрсеткені үшін Астана қалалық әкімдікке дән ризамыз. Мұнда келіп, спортпен шұғылданып, достармен әңгімелесеміз. Денсаулыққа да, көңілге де жақсы әсер етеді», – дейді орталықтың белсенді мүшесі Төлеген ақсақал.
Сонымен қатар орталық меңгерушісі ауданға қарасты мектептермен меморандумға қол қойып, өзара іс-шаралар ұйымдастыруды жолға қойғанын да атап өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – жас ұрпаққа үлкендерді құрметтеу, қарттарға қамқор болу, көңіл бөлу сияқты ізгі қасиеттерді дәріптеу.
Қазіргі уақытта елордада 15 мыңнан астам зейнеткер тегін үйірмелер мен секцияларға қатысып жүр.