2025 жылғы тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қызметі қарыз алушылардың негізінен алаяқтық әрекеттер бойынша, тұтынушылық қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы жолданымдарын қарауға және борыш жүктемесін азайту үшін шаралар қабылдауға байланысты болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылғы тамызда Агенттік қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 11 167 жолданымын қарады, бұл 2025 жылғы шілдеге қарағанда 19,7%-ға аз.
Жолданымдардың ең көп үлесі – жолданымдардың жалпы санының 50,1%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша жолданымдар жалпы санының 35,5%-ын, коллекторлық агенттіктер 8,4%-ды, сақтандыру нарығының субъектілері 1,9%-ды, өзге де ұйымдар 0,8%-ды, атауы көрсетілмеген қаржы ұйымы 3,3%-ды құрады.
2025 жылғы тамызда қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің іс-әрекеттерінде заңнаманың анықталған бұзушылықтары бойынша Агенттік 7 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын және 1 жазбаша ұйғарым, оның ішінде мынадай мәселелер бойынша қолданды:
- алаяқтық жолмен берілген қарыздар бойынша сыйақы есептеу;
- 90 күннен аса кешіктірілгені үшін өсімпұл есептеу;
- өтініш берушілердің жолданымдарына уақтылы жауап бермеу.
Олардың ішінде:
- екінші деңгейдегі банктерге қатысты 5 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
- коллекторлық ұйымдарға қатысты 1 жазбаша ұйғарым;
- сақтандыру ұйымдарына қатысты 2 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы.
Агенттік үш бағыт бойынша жалғыз баспананы сақтап қалуға және борыш жүктемесін азайтуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырады.
2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер 209,5 млрд теңге сомасына 33,0 мың қарызды қайта қаржыландырды.
01.01.2016 жылға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруға/қайта қаржыландыруға бағытталған Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 114 млрд теңге сомасына 15,9 мың валюталық ипотекалық қарыздарды айналдыруды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздар 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін айналдырылады/қайта қаржыландырылады.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер қарыздары бұрын Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ХӘОТ-қа жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. Қолдау шаралары қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде көрсетіледі. 01.09.2025 жылғы жағдай бойынша қосымша қолдау шаралары 98,6 млрд теңге сомасына 10,6 мың қарыз алушыға көрсетілді. Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.