1584
Фотосурет: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінде маңызды шара – отставкадағы генерал-майор Ерсайын Рүстемхановтың 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл күн елеулі күндердің бірі ретінде есте қалды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға ардагердің отбасы мүшелері, ұлдары, өмірлік серіктері, достары, ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әріптестері, сондай-ақ 5451 әскери бөлімінің жеке құрамы мен Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамы қатысты.

Бұл тек мерейтой ғана емес, Отанға адал қызмет еткен, бірнеше буын  офицерлерге үлгі болған қайраткер тұлғаның өмір жолына шолу жасап, өнегелі жолын ұлықтау кеші болды.

Салтанатты шара басталған сәттен-ақ ерекше атмосфера сезілді. Әскери тәртіпке сай бөлімнің жеке құрамы мен кеш қонақтары ардагерді қошеметпен қарсы алды. Әскери оркестр орындаған салтанатты марш кештің салмағын арттырып, жиналған жұртшылықтың көңіл-күйін көтерді, десек артық айтпағанымыз.

Кеш барысында ардагердің әскери өмірі мен жетістіктері жайлы арнайы дайындалған бейнефильм көрсетіліп, онда оның қызмет жолындағы елеулі сәттер, әскери іс-қимылдардағы табыстары мен қарапайым сарбазға дейін көрсеткен жанашырлығы жан-жақты қамтылды.

Жиналған қауым алдында  «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков алғашқы сөз алып,  Ерсайын Шамғонұлының еліміздің әскери жүйесіндегі рөліне, оның жеке үлесіне, адамгершілік болмысына тоқталып өтті.

–  Біз осы кеште тәлімгер, әділ, парасатты ардагерімізді ұлықтап отырғанымызға шексіз қуаныштымыз. Ерсайын Шамғонұлының өмір жолы Ұлттық ұлан тарихында ерекше орын алатын өнеге, – деді генерал-майор Сакентай Шекарбеков.

 Ол Ерсайын Шамғонұлының тек білікті қолбасшы ғана емес, сонымен бірге қарамағындағы жас офицерлерге бағыт-бағдар берген талапшыл ұстаз болғанын ерекше атап өтті.

Бүгінгі таңда ардагер-генерал қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас сарбаздар мен офицерлердің тәрбиесіне өз үлесін қосуда. Ол «Орталық» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде әскери-патриоттық жұмысты жоғары деңгейде атқаруда. Сондай-ақ ардагерлер ұйымына мүше зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан «Орталық» өңіірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесі Ұлттық ұландағы алдыңғы қатарлы қоғамдық ұйым екенін атап өткеніміз жөн. 

Кеш барысында Астанадан арнайы ат басын тіреген Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы полковник Мұрат Жантеміров пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Григорий Григорьянц Ерсайын Шамғонұлын әскердің барлық ардагерлері атынан құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады. Ал, әскердің төл басылымы «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бұрынғы редакторы, отставкадағы полковник Қуаныш Қожахметов ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың мерейтой иесіне арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Сондай-ақ ол республикалық және ведомстволық басылымдарда жарық көрген ардагердің өмір жолы туралы мақалалар мен сұхбаттар жинағын табыс етті.

Сонымен қатар салтанатты шара барысында Орталық өңірдің әскери прокуроры, әділет полковнигі Данияр Жұмаділов пен басқа да қонақтар сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті.

Әскери прокурор Данияр Жұмаділов генералдың жас сарбаздарды тәрбиелеудегі жұмысын ерекше атап өтіп, прокуратураның атынан алғысын білдірді. Генерал-майор Ерсайын Шамғонұлының әріптестері бірге қызмет атқарған жылдарын сағынышпен еске алып, оның талапшыл әрі әділ басшы, адал дос, ар-намысты жоғары қойған азамат екенін тебірене тілге тиек етті.

Генерал-майор Ерсайын Рүстемханов – еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек еткен, бүкіл ғұмырын ел қорғанына арнаған көрнекті тұлға. Әскери мансабын қарапайым офицерден бастаған ол жылдар өте генерал-майор шеніне дейін көтерілді. Бұл – кездейсоқтық емес, бұл – жанқиярлықпен атқарылған адал еңбектің, жауапкершіліктің, кәсіби біліктіліктің жемісі.

Ол көптеген әскери бөлімдерде  басшылық қызметтер атқарып, талай жас офицердің кәсіби маман болып қалыптасуына, сарбаздардың әскери тәрбиесіне ықпал етті. Әскери бөлімдерде тәртіп орнату, кадр дайындау, жауынгерлік қабілетті арттыру – оның басты міндеттерінің бірі болды. Ол басқарған әскери бөлімдер мен құрылымдар әрдайым үздіктер қатарынан көрініп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Ардагердің қызмет жолында алған марапаттары мен атақтары – оның еңбегінің жарқын дәлелі. Оның есімі тек әскери ортада ғана емес, ел ішінде де зор құрметке ие.

Кеш соңында мерейтой иесі сөз алып, Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен өңірлік қолбасшылықтың басшылық құрамына алғысын білдірді.

Салтанантты шара 5451 әскери бөлімінің жеке құрамы дайындаған концертке ұласты. 

Ерсайын Шамғонұлының өнегелі жолы мен еңбегі – жас буын үшін өнеге

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -