Сауда министрі Арман Шаққалиев азаматтық қоғам және бизнес өкілдерімен ішкі сауданы дамыту және отандық өндірушілерді қолдау шараларын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Астанада ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің азаматтық қоғам институттары, бизнес қауымдастық және профильді ассоциациялар өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесудің басты тақырыбы - ішкі сауданы дамыту, отандық тауар өндірушілердің позицияларын күшейту және саланың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру болды.
Кездесуге 120-дан астам адам қатысты, оның ішінде Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Нұржан Әшімбеков, Сауда желілері Ассоциациясының өкілдері, еліміздің ірі сауда желілерінің басшылары мен базар иелері, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер саласындағы профильді ассоциациялар мен Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды.
Іс-шараны ашқан министр азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығы және отандық өндірушілердің сауда сөрелеріне қолжетімділігі Үкімет алдында тұрған стратегиялық міндеттер екенін, бұл мәселеге Мемлекет басшысы ерекше назар аударатынын атап өтті. Министрлік импортқа тәуелділікті азайтуға, жеке сауда маркасын дамытуға және елдегі бәсекеге қабілетті сауда экожүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.
«Экономикалық үлес бойынша сауда жалпы ішкі өнімнің 16,5%-ын құрайды және 1,5 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы бес жылда ішкі сауда айналымы шамамен 80%-ға өсті және 2024 жылы 70,7 трлн теңгені құрады. Бұл динамика сауданың жай ғана делдалдық қызмет емес, орнықты орта тапты қалыптастыратын және тұтынудың жаңа форматтарын дамытатын негізгі сала екенін көрсетеді» Арман Шаққалиев
Сауда министрі «Береке Fest» акциясы аясында бизнестің көрсеткен әлеуметтік жауапкершілігі үшін алғысын білдірді. Сауда желілері акция аясында арнайы бұрыштар ұйымдастырып, агрофирмалардың ет пен ӘМАТ өнімдерін тікелей жеткізуін қамтамасыз етті. Акцияға 80-ден астам сауда желісі қатысты. Республика күніне орай ірі сауда орталықтары мен онлайн платформаларда азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын кең ассортименттегі тауарларға жеңілдіктер беріледі. Жиында акцияның форматы талқыланды.
Бірінші вице-министр Айжан Бижанова отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралар туралы хабарлады. Заңнамада қазақстандық азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға арналған сөрелердің кемінде 30%-ын отандық өнімдерге бөлу талаптары бекітілді. Бұл талаптар ірі сауда желілерінен бастап шағын дүкендер мен базарларға дейінгі барлық сауда форматтарына қатысты. Мемлекеттік қолдау аясында субсидиялау арқылы сөре кеңістігін қосымша 20%-ға ұлғайту қарастырылған, ал шарттар орындалмаса қаржыландыру тоқтатылады және қаржы кері қайтарылады.
Өндірушілер мен сауда желілері және маркетплейстер арасындағы өзара әрекетті жеңілдету мақсатында QazTrade платформасында «Бір терезе» жүйесі құрылуда, ол отандық тауар өндірушілерд реестрімен интеграцияланады. Бұл шешім өнімнің нарыққа жылдам және ашық жолмен қолжетімді шығуы қамтамасыз етпек.
Сауда орнын жалдау қатынастарына да үлкен мән берілуде. Жаңа ереже бойынша сауда орнын жалдау ақысы жылына бір рет өзгереді әрі ол туралы жарты жыл бұрын сатушыға хабарлануы керек.
Кездесу барысында Magnum және SMALL&SKIF сауда желілерінің өкілдері жекесауда маркаларын дамытудағы табысты тәжірибелері туралы айтты. Бұл - бөлшек саудада негізгі стратегиялық бағыт, ол сатып алушылардың адалдығын нығайтып, бәсекелестік позицияларын күшейтеді. Жеке сауда маркасы – бір желі аясында эксклюзив ұсынылатын өнімдер. Олар қолжетімді бағада (салыстырмалы түрде 10–20% төмен), жоғары сапамен ерекшеленеді және экономнан премиумға дейінгі барлық баға сегменттерін қамтиды.
SMALL&SKIF желісі отандық өндірушілермен ынтымақтастыққа басымдық береді. Бұл сапаны қамтамасыз етіп, жергілікті бизнесті қолдауға және сатып алушыларға бірегей ұсыныс жасауға мүмкіндік береді. Magnum желісінде жеке сауда маркасын дамуы жақсы нәтиже көрсетуде: соңғы 5 жылда желідегі осындай тауарлардың үлесі 1,7%-дан 11,9%-ға дейін өскен. Сауда желісі еліміздің 18 қаласында 71 өнім өндірушімен жұмыс істейді. Тараптар тұрақты жеткізу тізбегін дамытып, жергілікті өнімнің сөредегі позициясын нығайтуда.
Сонымен қатар, картоп және көкөніс өсірушілер одағы, Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер ассоциациясы, Қазақстанның сүт одағы, ет өңдеу кәсіпорындарының ассоциациясы және басқа да салалық ассоциациялардың өкілдері өз пікірлерін білдірді. Қатысушылар сенімді жеткізушілер ретінде қызмет етуге, ішкі нарықты тұрақты тауар мен қажетті ассортиментпен қамтамасыз етуге дайын екендерін айтты. Сондай-ақ отандық сауда желілерін қолдау мен тұрақты жеткізу тізбектерін дамытуға мүдделі екендерін жеткізді.
Кездесуге келгенде жаңа Салық кодексінің ережелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, сауда және ауыл шаруашылығы кешені үшін жеңілдетілген арнайы режимдер сақталады, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге табыстан 3% тұрақты ставка бойынша жеңілдетілген салық тәртібі енгізілді, ал агросектордағы заңды тұлғалар үшін ҚҚС жүктемесі төмендетілді.
ҚҚС негізгі мөлшерлемесі 16% деңгейінде белгіленді, ал арнайы режимдер бойынша жұмыс істейтін шағын бизнес ҚҚС төлеуден босатылған. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен қайта өңдеушілерге салықтық преференциялар сақталады, соның ішінде ішкі өндіріс үшін қолданылатын импорттық шикізатқа ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
«Егер бизнес халыққа қызмет көрсетсе, қарапайым қызметтер ұсынса, шағын саудамен айналысса, жеңілдетілген салық жүйесі сақталады. Ал егер бизнес компанияларға қызмет көрсетсе, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істесе, ірі нысандар салса немесе ірі айналымы болса — бұл мүлдем басқа деңгей. Онда толық салық есептілігі болуы тиіс. Біз ашықтық принципіне сүйендік: қызмет оңай болған сайын, оны жеңілдетілген жүйе арқылы басқару оңайырақ» ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев
Ішкі нарықты қолдаудың негізгі бағыттары талқыланғаннан кейін, Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева барлық тараптың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесуге салалық үкіметтік емес ұйымдар, ассоциациялар мен отандық өндірушілер жиналды. Шынында да, азық-түлік қауіпсіздігі – бұл басты басымдық. Біз отандық өнімнің шын мәнінде бірінші орында тұрғанын, халықтың сапалы әрі денсаулыққа пайдалы өнім тұтынғанын қалаймыз. Бүгінде қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары, сапасы да жақсы. Мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық сектор бірлесе отырып, отандық өндірісті дамытуға және көтеруге толық мүмкіндігіміз бар», – деді ол.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның әділ, бәсекеге қабілетті және ашық нарық құру үшін тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын атап, әрі қарай ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.