Абай облысында Қарулы күштердің топогеодезистеріне арналған курс өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті Абай облысы білім басқармасының Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінде оқитын топогеодезист-кіші мамандарға арналған біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды.
Оқу бағдарламасы 72 академиялық сағатты құрады. Тыңдаушылар геодезия, картография, жерді қашықтықтан зондтау және геоақпараттық жүйелердің негіздерін зерделеді. Оларды GNSS қабылдағыштарын, электронды тахеометрлерді және деректерді өңдеуге арналған бағдарламалық жасақтамамен қоса, озық спутниктік технологиялармен және заманауи жабдықтармен таныстырды.
Оқыту барысында топографиялық түсірудің заманауи әдістеріне, геодезиялық өлшеулерді орындауға, геокеңістік деректерін өңдеуге және талдауға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар курстың маңызды екенін атап өтті. Мұндай оқыту кезінде берілген білім мен дағдылар әскерлер мен штабтарды оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда бағдарлау, навигация, рельефті бағалау және қару-жарақ пен техниканы тиімді пайдалану үшін қажетті жер туралы нақты деректермен қамтамасыз етумен айналысатын мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етері анық.