Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кезекті рет қырағылығымен көзге түсті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласының Қалдаяқов көшесі бойын патрульдеу кезінде әскери жасақ тұрғын үйлердің бірінде түтін шыққанын байқады. Әскери жасақ бастығы қатардағы Шахан Серікпай болған оқиға туралы патрульдік топтың бастығы қатардағы жауынгер Нұрғазы Қырықбайға дереу баяндады.
Тиісті пәрмен берілгеннен кейін әскери жасақ бастығы патрульшілер Өмірзақ Жолдасбек және Елнұр Бекмаханмен бірге оқиға орнына жедел жетеді. Ұлттық ұлан жауынгерлері келген кезде ТЖМ қызметкерлері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан еді. Әскери қызметшілер өрт сөндірушілермен бірлесіп, тұрғындарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялауға қатысты. Осылайша азаматтарға көмек көрсетіп, оларды қауіпсіз жерге алып шықты.
Сонымен қатар әскери қызметшілер адамдар көп жиналмауы және арнайы қызметтердің жұмысына кедергі келмеуі үшін аумақты қоршауға алды.
"Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ретінде біз осындай жағдайларда жедел әрекет етуге міндеттіміз. Біз түтінді көргенде - ойлануға уақыт болмады. Бірден көмекке жүгірді" әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Шахан Серікпай
ТЖМ қызметкерлері мен әскери қызметшілердің үйлесімді іс-қимылдарының арқасында эвакуация жұмыстары дүрбелеңсіз өтті. Азаматтардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.