Қарағандыда өткен бизнес-қоғамдастық пен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуде жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері, тарифтік реттеу жүйесі және елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық саясат кеңінен түсіндірілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Күлназаров қатысты.
– Қазір жаңа Салық кодексінің әрбір тармағы кәсіпкерлерге айқын әрі түсінікті болуы аса маңызды. Тек сонда ғана ашықтық, сенім және мемлекеттік органдар мен іскер қауым арасындағы тиімді әріптестік орнайды, – деп атап өтті Ермек Алпысов.
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексінің басты бағыттарымен таныстырды. Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Реформаның негізгі мақсаты – салық жүйесін жеңілдету, есептілікті қысқарту, жеңілдіктерді оңтайландыру және инвестициялық белсенділікті ынталандыру.
– Салық реформасының түпкі мақсаты – тек әкімшілік жүктемені азайту емес, сонымен қатар тұрақты экономикалық өсім мен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, – деді Ерлан Сағынаев.
Кездесу барысында арнайы салық режимдерін қолдану, дифференциалды мөлшерлемелер енгізу және олардың бизнеске әсері жөнінде жан-жақты пікірлер ортаға салынлып, талқыға түсті. Кәсіпкерлер жеңілдетілген салық жүйесін сақтау, коммуналдық қызмет тарифтері мен мемлекеттік қолдау шараларына қатысты сұрақтар қойды.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Күлназаров тарифтік саясаттың қалыптасуы табиғи монополия субъектілерінің өтінімдеріне және инфрақұрылымның техникалық жағдайына тікелей байланысты екенін айтты.
– Тарифтер тек Үкімет бекіткен инфляциялық дәліз аясында ғана өзгертілуі мүмкін. Өтінім беруден бастап тарифті бекітуге дейінгі барлық процесс электронды «Монополист» жүйесінде жүргізіледі. Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам тарапынан бақылау орнатуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 3,4 пайызға артқан. Ол бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорлары құрылып, азық-түлік қоры қалыптастырылып жатқанын жеткізді.
Кездесуде кәсіпкерлер мен Өңірлік кеңес мүшелері жаңа салық нормаларын енгізудің практикалық тетіктерін талқылап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.