Қарулы күштердің жеке құрамы Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара еліміздің барлық гарнизонын біріктірді. Астанада жалпықалалық сенбілікке Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, әскери оқу орындарының басшылығы мен жеке құрамы, Ақмола өңірлік гарнизонының құрамалары мен әскери бөлімдері қосылды.
Әскери қызметшілер көшелерді, скверлерді және үй маңындағы аумақтарды, оған қоса әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері тұратын аудандарды абаттандырды.
Негізгі жұмыстар елорда көшелерінде және әкімшілік ғимараттарға іргелес жатқан учаскелерде жүргізілді. Бас штабтың жеке құрамы Қорғаныс министрлігі ғимаратының айналасын ретке келтірді. Құрлық әскерлерінің бөлімшелері гарнизонның әскери бөлімдері мен объектілері орналасқан жерлердегі аумақтарды тазартты.
Әскери қызметшілердің мұндай акцияға қатысуы Қарулы күштердің әлеуметтік жауапкершілігінің және мемлекеттік экологиялық күн тәртібін қолдаудың айқын дәлелі. Өткізілген іс-шаралар азаматтық ынтымақтастықты нығайтуға, елді мекендер мен әскери қалашықтардың экологиялық жайын жақсартуға ықпал етті.