Қазақстан мен Ұлыбритания білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

1276
Фотосурет: Gov

Лорд Джон Алдердайстың басшылығымен Ұлыбритания делегациясы Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарына барды. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мақсатында өткен іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов, сондай-ақ Ұлыбританияның Қазақстандағы сауда және инвестициялар жөніндегі өңірлік директоры Амандип Санга қатысты. Кездесулер барысында делегация Coventry University Kazakhstan және Cardiff University Kazakhstan кампустарының қызметімен танысты. Бұл оқу орындарының ашылуы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудың және серіктестік қатынастарды тереңдетудің маңызды кезеңі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Coventry University филиалы 2024 жылы Астанада ресми түрде ашылып, Қазақстанда оқу үдерісін бастаған алғашқы британдық университет атанды. Университет бизнес, халықаралық қатынастар, экономика, қаржы және компьютерлік ғылымдар бағыттары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларын, сондай-ақ MBA Global Business және Executive MBA бағдарламаларын жүзеге асырады. Coventry University Kazakhstan заманауи білім беру технологиялары мен инновациялық оқыту әдістемелерін енгізіп, халықаралық стандарттарға сай академиялық орта қалыптастырады. 2025 жылы университет басым бағыттар бойынша шамамен 200 студентке білім грантын ұсынуды көздейтін стипендиялық бастаманы іске қосты. Сондай-ақ зертханалар, кітапхана және студенттерге арналған жатақхана құрылысы қамтылған кампустың екінші даму кезеңі жүзеге асырылып жатыр.

Cardiff University филиалы 2025 жылғы 3 қыркүйекте Астанада ресми түрде ашылды. Бұл университет – беделді Russell Group бірлестігіне мүше және Орталық Азиядағы осындай деңгейдегі алғашқы шетелдік кампус. Cardiff University Kazakhstan Computer Science, Business Management, Civil Engineering, Exploration Geology бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларын, сондай-ақ STEM және бизнес салаларына арналған дайындық (foundation) курстарын ұсынады. Оқыту толықтай ағылшын тілінде, Кардифф қаласындағы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен өтеді. Студенттерге британдық білімнің қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанның кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған академиялық стипендиялар мен гранттық бағдарламалар қарастырылған.

Кездесулер барысында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және оқу процесіне инновациялық, цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері сөз болды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияның жетекші университеттерінің елімізде филиалдарын ашуы академиялық сапа, инновация және жаһандық ықпалдастық қағидаттарына негізделген халықаралық білім беру кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлыбритания университеттерімен стратегиялық серіктестікті дамыту адами капиталды нығайтуға, жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандық дипломдардың халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашады.

Лорд Джон Алдердайстың Қазақстанға келуі екі елдің білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған өзара сенім мен қызығушылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Ұлыбританияның жетекші университеттерімен бірлескен бастамаларды іске асыру тұрақты академиялық байланыстар орнатуға, ғылыми әлеуетті дамытуға және Қазақстанның аймақтық академиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал ететін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -