Астана қаласы көкпардан ересектер арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласында көкпардан ересектер арасындағы XXIV Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Бұл додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 180-нен астам көкпаршы қатысып, 15 команда құрап, 4 топқа бөлініп сынға түсті. Әр топтан үздік шыққан командалар жартылай финалға жолдама алып, ақтық сында бақтарын сынады.
Жеті күнге созылған дүбірлі бәсекеде Жамбыл облысының «Әулиеата» көкпар командасы өз рекордын жаңартып, тағы бір мәрте жеңіске жетіп, Қазақстанның 15 дүркін чемпионы атанды.
Шымкент қаласының командасы күміс медаль иегері болса, Астана қаласының көкпар командасы Қызылорда облысының көкпаршыларын 3:2 есебімен ұтып, үздік үштіктің қатарынан көрініп, ел чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Сондай-ақ, чемпионат барысында шебер өнер көрсеткен жекпе-жек аттарының сайысы марапатталып, астаналық «Саян» сәйгүлігі чемпион атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстан Республикасы Көкпар федерациясының ақшалай сыйақысымен марапатталды.
Айта кетейік, бұл дүбірлі дода – Қазақстан чемпионатының тарихындағы 24-ші мәрте ұйымдастырылған ел чемпионаты.