ЮНИСЕФ Қазақстанның балаларға қауіпсіз орта қалыптастырудағы жетістігін атап өтті

1276
Фотосурет: Gov

13–14 қазан күндері Румыния астанасы — Бухарест қаласында ЮНИСЕФ пен Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі өңірлік конференция өтуде. Шараға Еуропа мен Орталық Азияның 32 елінен өкілдер қатысуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан тарапынан Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова қатысып, «Мектептер мен отбасындағы қауіпсіз және қолайлы орта» сессиясында сөз сөйледі.

Конференция барысында MICS (Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу) - 2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелері ұсынылды. Зерттеу мәліметтері бойынша Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында физикалық жазалау мен психологиялық қысым көрсету деңгейі 53%-дан 38%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында ең төмен деңгейлердің бірі болып саналады.

Сессияда сөз сөйлеген Насымжан Оспанова соңғы жылдары Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан және буллингтен қорғауға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асқанын атап өтті. Заңнамаға «буллинг» ұғымы енгізіліп, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде қазақстандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылды, пилоттық кезеңде буллинг жағдайларының азайғаны байқалды.

Бұдан бөлек, барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізілді. Мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері мен психологиялық көмек орталықтары жұмыс істейді. Балаларға жедел көмек көрсету үшін «111» байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде балалардың анонимді түрде хабарласуына мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылған.

Өңірлерде Отбасын қолдау орталықтары мен ерте анықтау бойынша мобильді топтар жұмыс істейді, олар қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға психоәлеуметтік қолдау көрсетеді.

Мемлекет жүзеге асырып отырған барлық шаралар мен бағдарламалар SAFE интерактивті платформасында біріктірілген. Бұл платформа балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық нормалар мен деректерді біріктіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -