Үкімет бағаларды тұрақтандыру және халықтың сатып алу қабілетін қолдау шараларын күшейтуде

1650
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндама жасады. Сондай-ақ Абай, Ұлытау және Атырау облыстарының әкімдері тыңдалды. 

«Мемлекет басшысы өткен аптада экономикалық даму сапасын арттыру мәселелеріне арналған кеңесте макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету шараларын қабылдауды тапсырды. Президент халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өтті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімі 6,3%-ды құрап отыр. Экономиканың орнықты өсуі үшін, бірқатар бағытта, оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік сияқты негізгі салаларда өсу қарқынын одан әрі арттыра түсу керек», — деп атап өткен Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібіндегі ахуал басты назарда болуы қажет екенін айтты. 

Жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық резервті пайдалану тапсырылды. Қабылданып жатқан шараларды жүзеге асыру және сол арқылы экономикалық өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу жергілікті жерлерде қамтамасыз етіледі.

Сондықтан әкімдер тарапынан барлық саладағы жағдайдың тікелей бақылауға алынуы – аса маңызды мәселе.

Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша 11 өңірде оң динамика қалыптасты. Премьер-министр артта қалған өңір басшыларына жағдайды өзгертуге бар күшін салуы қажет екенін атап өтті. 

Экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін мемлекет пен бизнес бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі тиіс. 

Инфляциялық процестерді төмендету үшін тұтыну бағаларын тұрақтандыру жұмысын күшейту керек. Инфляцияға сырттан келетін азық-түлік бағалары қысым көрсетіп отыр.

Сондықтан ішкі нарықты отандық өніммен барынша қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын жедел қалыптастырған жөн.

Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет.

Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуі тиіс. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы жан-жақты жаңғыртуды қажет етеді.  Бұл бағыттағы жұмыс тиісті Ұлттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде жүргізіледі. Үкімет ұстамды тарифтік саясатты қолдап отыр. Сондықтан аталған жұмыс ұзақмерзімді қаржыландыру мен монополистердің операциялық шығыстарын қайта қарау есебінен қамтамасыз етіледі. Жыл соңына дейін халық үшін коммуналдық қызмет тарифтерін өзгерту жоспарланып отырған жоқ.

Премьер-министр кез келген тарифтік өзгерісті халықтың тұрмыс сапасы мен мемлекеттің экономикалық саясатының басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүргізу керек екенін атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азаматтардың сатып алу қабілетін қолдау, бағаны тұрақтандыру және инфрақұрылымның орнықты жұмысын қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін бере отырып, экономиканы әртараптандыруды жеделдету жөніндегі тапсырмасына назар аударылды.

«Бұл орайда, терең өңдеу өндірістерін дамытуға, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнімдерді шығаруға басымдық берілуі тиіс. Салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшыларына ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер арқылы отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттыру және оларды тапсырыстармен қамтамасыз ету мәселелерін тікелей бақылауға алуды тапсырамын. Отандық шикізатты өңдеу барысында, бірінші кезекте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық берілуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов және жауапты мемлекеттік органдарға өңдеу секторына инвестиция тарту жұмысын күшейту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Мұнай және газ өндіру саласында оң динамика байқалады. Мұнай өндірісінде  оң динамика қалыптасып отыр.

Энергетика министрлігі өндіріс қарқынын төмендетпей, операторлармен бірлесіп,  Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ ірі кен орындарының  тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында үш газ өңдеу зауытын салу жобаларын жеке бақылауда ұстауы қажет. 

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша инвестиция тарту жоспары 93,3%-ға орындалды. Бұл ретте 20 өңірдің ішінде тек 11 өңір ғана нысаналы көрсеткішке қол жеткізді. Инвестицияларды қолдаудың қолда бар тетіктеріне қарамастан, 9 өңір жоспарлы көрсеткіштерді орындай алмады.

Әр жобаға басынан аяғына дейін жеке қолдау көрсету және олардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Сыртқы істер министрлігіне, салалық министрліктер мен әкімдіктерге инвестициялық жобалар тарту және қолдау жұмысын күшейту тапсырылды. 

Ауыл шаруашылығы саласы биыл егіс алқаптарын әртараптандыру мен агротехнологияларды тиімді қолдану нәтижелеріне байланысты айтарлықтай өсу қарқынын көрсетіп отыр. Жиналған өнімді сақтап, өткізу үшін әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы, Сауда және Көлік министрліктері үйлесімді жұмыс істеуі талап етіледі. Сондай-ақ Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, келесі жылы агроөнеркәсіп кешенін уақтылы қаржыландыру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Сонымен қатар еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екені атап өтілді. Көлік министрлігіне салалық ұлттық компаниялармен бірлесіп, негізгі инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. 

Автожол желілерінде және «Алматы айналма теміржол» жобасында құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау, «Достық – Мойынты» учаскесінде экспорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайту мәселесіне баса мән беру талап етіледі. Сонымен қатар шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл шаралар тасымалдау көлемін ұлғайтуға және көлік желісі сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Елімізде биылғы 9 айда ішкі тауар айналымы өсіп отыр, бұл тұрақты жұмыс орындарына және өнімді сату көлемінің өсуіне кепілдік береді. Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесімен қамту, сондай-ақ электронды сауданы дамыту есебінен ішкі нарықта ашықтықты қамтамасыз ету маңызды.

Премьер-министр Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп: негізгі тауарлар бойынша міндетті таңбалаудың орындалуына мониторинг жүргізуді; отандық өндірушілер үшін таңбалауды жеңілдету мәселесін пысықтауды; отандық онлайн-алаңдарды қолдай отырып, қадағалау жүйесімен интеграциялауды қоса алғанда, электронды сауданы дамытуға бағытталған ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

«Экономиканың тұрақты өсуі үшін мемлекеттік органдардың барлығы, әкімдіктер мен бизнес қауымдастық жанын салып жұмыс істеп, бар күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Бұл мәселені шешуге қажетті құралдар бізде жетерлік. Премьер-министрдің орынбасарларына өз бағыттары бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың бекітілген индикаторларының орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -