Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаевтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оған Заң департаментінің, Әскери полиция бас басқармасының, Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы, Экономика және қаржы департаменттерінің бастықтары, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылары және Алматы өңірлік гарнизоны бөлімшелерінің командирлері қатысты. Бейнеконференция форматында оған Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің басшылары қатысты.
Осы мәселедегі өзара іс-әрекеттің маңыздылығын ескере отырып, отырысқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері және Алматы өңірлік гарнизонының әскери прокуроры шақырылды.
Кездесуге қатысушыларға арнайы әлеуметтік ролик көрсетілді. Содан кейін әскери бөлімдер командирлері мен қорғаныс ведомствосы мекемелері басшыларының баяндамалары тыңдалды. Лауазымды тұлғалар атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және құқық бұзушылыққа жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.
Вице-адмирал Серік Борамбаев мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асырудың ерекше маңыздылығын атап өтіп, заңдылықты қатаң сақтау, қабылданған шешімдер үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін арттыру және жеке құрам арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – құқық бұзушылықтың жолын кесу ғана емес, сонымен қатар әрбір әскери қызметшіде тұрақты моральдық-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс істеу, – деді ол. – Біз әскери борышты, ар-намысты, антқа адалдықты және кез келген құқық бұзушылыққа жол бермеуді бойымызға сіңіруіміз керек. Тек осылай ғана біз Қарулы күштер қатарының айқындығын сақтап, халықтың армияға деген сенімін нығайта аламыз.
Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті одан әрі жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың жаңа тетіктерін енгізу және әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін нығайту бойынша бірқатар нақты міндеттер қойылды.