Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінде Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасының мүшесі және Әзірбайжан мен Орталық Азия бойынша сауда өкілі лорд Джон Алдердайс бастаған Ұлыбритания делегациясымен кездесу өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ұлыбританияның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастығының перспективаларын, оның ішінде инновациялық ядролық технологияларды қауіпсіз енгізу мәселелерін, сондай-ақ ғылыми серіктестік пен кадрлар даярлаудың ықтимал бағыттарын талқылады.
Агенттік Төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов ядролық кластерді қалыптастыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі мемлекетіміздің мақсаттарын атап өтіп, Қазақстанның атом саласын дамытудың ағымдағы жай-күйі мен перспективалары туралы қысқаша ақпарат берді.
Лорд Джон Алдердайс Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы жоғары әлеуетін атап өтіп, Ұлыбританияның әріптестіктің өзара тиімді бағыттарын одан әрі нығайтуға дайындығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы диалогты тереңдетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдар мен ғылыми-техникалық ұйымдардың деңгейінде сараптамалық консультацияларды жалғастыру жөнінде уағдаласты.