Оралда «Imrat Group» қаржы пирамидасы жойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Imrat Group» атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде көрініп, алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін «жоғары табыс» уәде еткен түрлі бағдарламаларды ұсынған.
Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 000 АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.
Алайда шын мәнінде, салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған – бұрынғыларға төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген.
Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram-арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған.
Заңсыз қызмет дер кезінде тоқтатылғанының арқасында пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
2025 жылдың басынан бері:
- 31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды;
- 7 млрд теңге көлемінде залал өтелді;
- жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
- Instagram мен Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чаттар жабылды.
ҚМА сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған.
Қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге арналған «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылды.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз.
Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржылық жобаларға салмауға шақырамыз.