Ата-аналардың жұмыспен қамтылуы: Қазақстандағы деректер, себептер және мамандар кеңесі

1364
Фотосурет: freepik.com

Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысбастылығына байланысты баласына жеткілікті көңіл бөле алмайды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елімізде Балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындысы аясында кең ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Зерттеуге барлығы 93 120 адам қатысып, олардың 52 754-і – ата-аналар, ал 40 366-сы – оқушылар болды.

Зерттеу нәтижесінде ата-аналардың 13,9 пайызы жұмысбастылықтың көптігінен балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтқан. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында (17,9%), Алматы қаласында (17,8%), Қостанай (17,3%) және Ақмола (16,1%) облыстарында тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (9,1%), Батыс Қазақстан (10%) және Атырау (10,6%) облыстарында байқалды.

«Ата-ананың тұрақты назары мен бала өміріне қатысуы оның эмоциналдық саулығы мен жан тыныштығының басты кепілі. Үлкендердің жұмысбастылығы мен балалармен сирек сөйлесуі отбасы ішіндегі сенім мен өзара қолдауды әлсіретеді. Осы бағытта “Адал Азамат” бағдарламасы аясында құрылған ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары маңызды рөл атқарып келеді. Биылғы оқу жылынан бастап бұл орталықтар жаңартылған бағдарлама негізінде жұмыс істеп, заманауи цифрлық форматтарды және балалардың психикалық саулығы мен эмоциялық дамуына арналған тақырыптарды қамтиды» ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова

UNICEF халықаралық зерттеулеріне сәйкес, ата-ананың баламен күн сайын 10–15 минут еш алаңсыз сөйлесуі өзара сенімді нығайтып, мазасыздықты азайтып, баланың эмоциялық тұрақтылығын арттырады.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға күн сайын кемінде бес минут уақытын баласына арнап, смартфон мен өзге де гаджеттерді пайдаланбай, ашық әрі мазмұнды әңгімеге көңіл бөлуге кеңес береді. Мұндай қысқа да мәнді қарым-қатынас баланың өз отбасында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне ықпал етеді.

Егер балада мазасыздық, тұйықтық немесе ашушаңдық белгілері байқалса, ата-аналар мектеп психологына, Психологиялық қолдау орталықтарының мамандарына немесе отбасы мен бала мәселелері жөніндегі тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығына жүгінуі қажет.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -