Әскери борышын өтеген түлек офицер болуды мақсат етеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әскер қатарында абыроймен қызмет еткен Тас Нұр Төреханұлы бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасында білімін жалғастыруда.
Тас Нұр мерзімді әскери қызметін Приозерск қаласындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің әскери бөлімінде өтеді. Қызметін абыроймен аяқтаған соң, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің «Срочник 2.0» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы атанды. Бұл бағдарлама мерзімді әскери қызметін өтеген жастарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында Тас Нұр Қорғаныс министрлігінің грантына ие болып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетіне «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Болашақ офицер болуға деген ниетпен Тас Нұр 2025 жылдың ақпан айында университет жанындағы әскери кафедраға түсуге шешім қабылдап, қажетті құжаттарын дайындауға кірісті. Маусым айында кәсіби-психологиялық және дене дайындығы сынақтарынан сәтті өтіп, әскери қызмет өткергенін ескере отырып, грант иегері атанды.
Бүгінде ол «Жалпы әскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Тас Нұр Төреханұлының арманы – болашақта офицер ретінде Отан алдындағы борышын жалғастыру.
Бұл мысал – әскерде шыңдалған жас сарбаздардың азаматтық өмірде де табысқа жетіп, ел қорғау ісін өз өмірлік жолына айналдырып жатқанын көрсетеді.