Теміртаудағы №16 орта мектепте «Жасыл бұрыш» атты экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оқушылар табиғатты қорғау ісіне белсене атсалысып, ағаш егу мен өсімдіктерге дұрыс күтім жасауды үйренді.
Шараның негізгі мақсаты – мектеп аумағын көгалдандыру мен абаттандыруды қолға алу, сондай-ақ жас ұрпақтың табиғатқа жанашырлық және жауапкершілік сезімін арттыру.
«Отражение» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, эколог Елена Варганова оқушыларға жасыл желек түрлерін таныстырып, олардың қалалық экожүйедегі рөлін түсіндірді. Сонымен қатар, ол балалар үшін өсімдіктер тұқымбағы бойынша танымдық экскурсия өткізді.
Маманның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек аумақтың көркін келтіріп қана қоймай, сонымен бірге ауа сапасын жақсартады, микроклиматты тұрақтандырады және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға сеп болады.
Экскурсиядан соң оқушылар тәжірибелік бөлімге қатысып, ағаш егу тәсілдерін меңгерді, өсімдіктерге күтім жасап, өз қолдарымен шағын «жасыл бұрыштарын» құрды.
Акция республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және қоршаған ортаның сапасын жақсартуды мақсат етеді.