Ағымдағы жылы 17 қазанда мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бибігүл Ағыбаеваның төрағалығымен өткен отырыс барысында мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің 2024 жылғы және 2025 жылдың І-жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері тыңдалды.
Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметінің тиімділігін бағалау бойынша Агенттік тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстар мемлекеттік қызмет саласында этикалық нормаларды бұзудың алдын алуда жүйелі істердің жүзеге асырылып отырғанын көрсетіп отыр.
Есепті кезеңде мемлекеттік органдардағы уәкілдермен мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексі салаларындағы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша жүйелі консультативті көмектер көрсетіліп, оларға іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемесіне барудан бас тарту, дін саласындағы заңнама талаптарын бұзудан сақтандыру және есірткі профилактикасыбойынша кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мемлекеттік қызмет талаптарын ұстану,іскерлік әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша өңірлік және республикалық телеарналарда бағдарламалар ұйымдастырылып, радиоматериалдар жарияланды, баспа БАҚ-тар мен интернет-ресурстарда мақалалар шығарылған.
Мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделінің» мысалдарын қоғам арасында кеңінен насихаттауға бағытталған көптеген іс-шараларөткізілген.
Қоғамдық кеңес мүшелері отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға әдеп жөніндегі уәкілдердің профилактикалық жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Әдеп жөніндегі уәкілдер институтының пәрменділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және олардың бойында ашықтық, әділдік және қоғамға қызмет ету қағидаттарын нығайту Агенттік қызметінің алдында тұрған басым бағыттардың бірі ретінде жалғасын табатын болады.