Қазақстан микрофинанс нарығында өзін-өзі реттеу моделін енгізуге дайындалуда

1034
Фотосурет: Gov

Банк секторына кірмейтін ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек микрофинанс және коллекторлық қызметтер салаларындағы өзін-өзі реттеу моделі туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бүгінгі күні Қазақстанның микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер нарықтарында өзін-өзі реттеу моделіне көшу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Елде нарыққа қатысушыларды біріктіретін және олардың институционалдық дамуына ықпал ететін 7 кәсіби қауымдастық жұмыс істейді:

  • Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы;
  • Қазақстанның ұлттық ломбардтар лигасы;
  • Қазақстанның Қаржылық-технологиялық қауымдастығы,
  • Агроөнеркәсіптік кешеннің кредиттік серіктестіктер қауымдастығы;
  • Агроөнеркәсіптік кешеннің кредиттік серіктестіктер одағы;
  • Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы;
  • Ағымдағы жылғы шілдеде ерікті өзін-өзі реттейтін ұйым (бұдан әрі – ӨРҰ) болып қайта құрылған Қазақстан коллекторларының қауымдастығы.

Мұндай бірлестіктердің болуы өзін-өзі реттеуді енгізу үшін берік негіз жасайды, бұл қадағалаудың тиімділігін арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі реттеу тұтынушылар мен мемлекет тарапынан секторға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Нарыққа қатысушылар үшін бұл қызметтің бірыңғай стандарттарын, бұзушылықтар санын азайтуды, ішкі бақылауды және тәуекелдерге барынша жылдам ден қоюды, реттеушінің ресурстарын ағымдағы қадағалаудан нарықты дамытуға қайта бөлуді білдіреді.

Қаржы нарығында ӨРҰ институтын енгізу практикасы шетелде кеңінен қолданылады. Австралияда Australian Banking Association 22 банкті біріктіреді, саланы дамыту саясатын ілгерілетеді және бірыңғай стандарттарды қалыптастырады. Канадада Chambre de l’assurance de dommages (ChAD) этикалық нормалардың сақталуына және сақтандыру мамандарының міндетті біліктілігін арттыруға жауап береді. Үндістанда Үндістанның Резервтік банкінің микроқаржыландыру секторында бірінші болып танылған Microfinance Industry Network (MFIN) клиенттерге жауапты кредит беру мен қорғауды қамтамасыз етеді. Кореяда National Credit Union Federation of Korea (NACUFOK) елдегі барлық кредиттік одақтардың жұмысын үйлестіреді, қадағалауды, кеңес беруді және оқытуды жүзеге асырады. Ресейде ӨРҰ институты 2015 жылдан бастап жұмыс істейді және оған микроқаржы ұйымдары, микрокредиттік компаниялар және кредиттік кооперативтер кіреді.

Қазақстанда халықаралық тәжірибеге ұқсас, ӨРҰ-ға мүше-қарыз алушылардың жолданымдарын қарауға, қатысушыларға тексерулер жүргізуге, ішкі ықпал ету шараларын қолдануға ӨРҰ-ға өкілеттік беру жоспарлануда. Бұл ретте Агенттік жоғары тәуекелді субъектілерге және ӨРҰ-ның қызметіне баса назар аудара отырып, қадағалау функцияларын сақтайды.

Осылайша, микроқаржыландыру және коллекторлық қызметтер салаларында өзін-өзі реттеу институтын енгізу бірыңғай жұмыс қағидаларын қалыптастыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, бұзушылықтар санын азайтуға және бақылау дамумен ұштастырылатын реттеудің теңгерімді моделін құруға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -