Астанада «Абай оқулары-2025» әдеби байқауының қорытындысы жарияланды

1639
Фотосурет: ҚР ПІБ Президенттік орталығы

ҚР ПІБ Президенттік орталығы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «IX Абай оқулары» әдеби байқауының жеңімпаздарын жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.

 «Абай – қазақ әдебиетінің алыбы. Оның әрбір өлеңі – жүрекке жететін сыр, әрбір қара сөзі – даналықтың көзі. Арада 180 жыл өтсе де Абайдың аты өшкен жоқ, қайта әр буынның жүрегіне жаңаша қонып, рухани шамшыраққа айналды. Сондықтан да Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы, Абайды ұғыну – биікке ұмтылу деп білемін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және бірқатар шетел мемлекеттерінен келген шамамен 400 адам қатысты. Олар – жасы, кәсібі мен ұлты әртүрлі, бірақ Абай шығармашылығына деген ортақ қызығушылық пен сүйіспеншілік біріктірген жандар.

Айта кету керек, биылғы байқаудың ең жасы үлкен қатысушысы – 96 жастағы астаналық, Ұлы Отан соғысының ардагері Любовь Мартыновна Шкурко болды.

Ол қазақтың ұлы ақыны Абай шығармашылығы туралы толғанысын білдірді: «Мен поэзияны жанымдай жақсы көремін. Әсіресе, Абайдың жырларының орны ерекше. Өйткені оның өлеңдерін оқыған сайын терең ойға батам. Абайдың әрбір сөзі – өмірдің өзінен алынған шындық. Оның туындылары – адам жаны мен адамгершіліктің айнасы. Сондықтан да оның поэзиясы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, әр жүрекке жол тауып келеді».
 «Абай Құнанбайұлының асыл мұрасы мен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шығармалары қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуына ықпал етті. Ақынның туындылары – тек қазақ халқының игілігі емес, күллі түркі әлемінің ортақ қазынасы», – деп атап өтті Әзербайжаннан бірнеше қатысушыны дайындаған Баку қаласы Ясамал ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі Лятифа Мамедова.

 

«IX Абай оқулары» жыл сайынғы әдеби байқауының қорытындысы бойынша төмендегідей номинациясы иегерлері анықталды: «Асыл сөздің ардагері» – Любовь Шкурко, «Ең талантты қатысушы» – Мейірім Балмұқанова, «Абай сөзі әлемде» – Амина Абдуллаева, «Өнерпаз болсаң арқалан» – Тансу Жұмаш, «Үздік арнау» – Айнагүл Сәбитова, «Ең алғашқы өнерпаз» – Дарын Сәрсекеев, «Зейінді зейнеткер» – Қабдрашит Жапанов.

Байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздар:

  • І орын: Мұхаммедәли Оспанов;
  • ІІ орын: Нұрлан Мағжан, Нурай Гусейнова, Шахруза Анарметова;
  • ІІІ орын: Гусейнзаде Фуад, Алима Байбулатова, Милана Жолова.

Жеңімпаздар мен номинанттарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталмақ.

«Абай оқулары» ұлы ақынның бай әдеби мұрасын сақтау әрі кеңінен насихаттау алаңы ретінде шығармашыл жастар мен әр буын өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -