Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл елдегі интернеттің орташа жылдамдығын 94 Мбит/с дейін арттыруға мүмкіндік берді.
«Бүгінде 20 млн-нан астам мобильді абонент және 3,7 млн тіркелген пайдаланушы байланыс қызметтерін қолдануда. Интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с деңгейіне жетті. Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 179 ауылдық елді мекен бар. Олардың 2606-сы магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылған. 663 ауылда жергілікті желі бар», — деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар ол 2026 жылдың соңына дейін тағы 3000-нан астам ауылды магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу көзделгенін атап өтті. Нәтижесінде 2027 жылдың соңына қарай еліміздегі 4 786 ауылда оптикалық желі тікелей үйлерге дейін жеткізіледі. Осылайшы ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Вице-премьердің сөзінше осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2027 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 323 млрд теңгені құрайтын инвестиция қарастырылған. Ауылдардың қалған 10 пайызында ел халқының 1 пайыздан аз бөлігі тұрады. Мұндай елді мекендер интернетпен спутниктік технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі. Қазір еліміздегі ауылдардың 84%-ында мобильді интернет бар. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторлары бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырады. Нәтижесінде, 4G желісі барлық елді мекендердің 92%-ына дейін жетеді. Сонымен қатар 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалаға енгізіліп, қалалардың 60-75% аумағын қамтитын болады. Бұдан бөлек, 40 000 шақырым автожол бойы 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба жеке инвесторды тарта отырып жүзеге асырылады.
Алыс және аз қоныстанған ауылдарды интернетпен қамту мәселесі спутниктік байланыс жобалары арқылы шешілуде. 2025 жылдың соңына дейін басқа технологиялар жете алмаған 504 ауыл спутникьік интернетке қосылады.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев сондай-ақ қазір ел нарығында 3 спутниктік интернет операторы жұмыс істейтінін, 2027 жылға дейін нарыққа тағы 2 компания қосылады деп күтілуде екенін, олардың пилоттық сынақтары 2026 жылы өтетінін баяндады. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитінде стратегиялық рөл атқарады. Бүгінде бұл үдерістегі үлесіміз 1,5%-ды ғана құрайды. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 5%-ға дейін өсіру көзделіп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Олар халықаралық түйісу нүктелерінің өткізу қабілетін 54%-ға арттыруға бағытталған.
«Бұл – Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу және жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын «Батыс – Шығыс» гипермагистралін жүзеге асыру жобалары. Цифрлық экожүйенің маңызды бөлігі – деректерді өңдеу орталықтары. Бүгінде шамамен 4 мың серверлік тірегі бар. Оның ішінде Астана қаласында 2 мемлекеттік, өңірлерде 14 деректерді өңдеу орталықтары жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қазіргі сұранысын толық қамтамасыз етуде. 2030 жылға қарай серверлік тіректер санын 20 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Tier III-IV деңгейіндегі кемінде 9 заманауи деректерді өңдеу орталығын іске қосамыз. Бұл жобалардың жүзеге асуы Big Tech компанияларды тартуға жол ашып, Қазақстанның өңірлік IT хаб ретінде қалыптасуына серпін береді», — деді Жаслан Мәдиев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қазақстанда NVIDIA H200 чиптеріне негізделген «Аlem.cloud» ұлттық суперкомпьютерлік орталығы іске қосылды. Бұл өңірдегі ең ірі кластер. Суперкомпьютердің қуатын тиімді пайдалану үшін арнайы бөлу тәртібі әзірленген. Бұл тәртіп отандық стартаптар мен жоғары оқу орындарына есептеу ресурстарын тегін пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың қажеттіліктері суперкомпьютер есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар биыл қазанда «Қазақтелеком» АҚ Al-Farabium кластерін іске қосты. Бұл жүйе «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының жоғары өнімді есептеу ресурстарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Алаяқтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында Министрлік байланыс операторлары үшін жаңа талаптар енгізді. Оның ішінде абоненттерді биометриялық сәйкестендіру, фрод әрекеттерін заңсыз трафикке теңестіру, операторлардың антифрод жүйелері мен Ұлттық банк арасындағы өзара әрекеттесу тәртібін нақтылау қарастырылған.
Осылайша, Қазақстан телекоммуникация саласында өңірлік көшбасшы позициясын нығайтуда. Іске асып жатқан жобалар бүкіл халық үшін сапалы интернет пен цифрлық қызметтерді қолжетімді етіп қана қоймай, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттырып, цифрлық экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды.